Қазан айы – қайырымдылық айы. Иә, қолы кең, жаны ізгі, жүрегі жомарт жандар Жаңақала ауданында да баршылық. Сондай жандардың бірі - аудан орталығындағы «ASAR» кафесінің иелері Асылбек және Гүлдана Мерғалиевтер. Қайырымдылық айына орай демеушілік танытып, көру мүшесі зақымдалған І, ІІ, ІІІ топтағы мүгедек жандарға арнап дастархан дайындады.
Қазақ зағиптар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сәдуақас Еслямғалиев және аудандық ерікті мүгедектер қоғамының төрайымы Халила Нұрсұлтанова жиналған жандарды қазан айының екінші жексенбісінде аталып өтетін мерекелерімен құттықтап, тілектерін жаудырып, кафенің иесі Гүлдана Біржанқызына «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы Мұрат Қадырбековтың алғысхатын табыстады.
Содан кейін зағип жандар үш залдан тұратын Д.Нұрпейісова атындағы музейге барды. Музей экскурсоводы Сымбат Рысқалиева мен зал қараушы Гүлжайна Меңдешова өлкеміздің құнды жәдігерлері сақталған музей ішімен таныстырды.
Ақ дастарханда бас қосып, еліміздің салт-дәстүрі мен мәдениетін танытатын құндылықтан ерекше әсер алған қамкөңіл жандар бір жасап, ұйымдастырушылар мен демеушілік танытқан «ASAR» кафесінің иесіне алғыс білдіріп, баталарын беріп тарқасты.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz