10.02.2021, 18:21
Оқылды: 47

Кәсіпкерлікті арттырсақ, жұмыссыздық азаяды

Аудан тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартудың кепілі – жұмыссыздықты жою мәселесі. Еңбек нарығында жаңа жұмыс орындарын құру, жастарды жұмыспен қамту, жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелерін шешуде шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңызы зор. Жылдан жылға мал басы санының артуына байланысты жаңа жұмыс орындарына қажеттіліктер де туындауда.

IMG_2443 (1)

Ауданымызда жұмыс орындарының қажеттілігін анықтау мақсатында агроқұрылымдардың ауыл шаруашылығы жануарларын бағуға қажетті және техникаға жауапты жұмысшылардың арнайы жүктемелерге сәйкес талдауы жүргізілді. Талдау нәтижесінде қосымша 769 жаңа жұмыс орындарын құру қажеттігі анықталды. Қазіргі таңда жұмыс орындарын құру бағытында аудан әкімінің орынбасары мен кірістер басқармасының өкілдері ауылдық округтерде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Аграрлық салаға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының бірі – жеңілдетілген несие беру мен субсидия төлеу. Есепті кезеңде «Аграрлық несие корпорациясы», «Даму» қоры және «Тасқала» несие серіктестігі арқылы 44 адамға 649,2 млн.теңгеге несие берілді. «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, мал шаруашылығының өнiмдiлiгi мен сапасын арттыру» ережесі бойынша 116 ауыл шаруашылығы құрылымдарына 352 млн. теңге көлемінде субсидия төленді. Бұл мемлекеттік қолдау агроқұрылымдарға мал басын көбейтуге, асылдандыру, тұқымдық түрлендіру, өнімділігін арттыру жұмыстарын жүргізуге, материалдық-техникалық паркті жаңартуға үлкен мүмкіндік береді. Осы қолдау арқасында 2020 жылы аудан шаруашылықтары 436,8 млн. теңге инвестициялық субсидия алды.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі" атты Қазақстан халқына жолдауында жеке шаруашылықты дамытуға ерекше көңіл бөліп, субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажеттігі аталған. Президент Жолдауынан туындайтын шараларды жүзеге асыру барысында аудан деңгейіндегі мал шаруашылығының дамуына сараптама жасадық. Соңғы үш жылда агроқұрылымдарда ірі қара мал басы 42,2 %-ға артып, 23026 басты құраса, қой мен ешкі 47,8 %-ға артып, 41265 басты құрап отыр. Жеке сектордағы ірі қара мал саны 11,2%-ға азайып, 8603 басты құраса, ұсақ малдың басы 3 %-ға ғана артып, 29265 бас құрады. Өздеріңіз көріп отырғандай, шаруа қожалықтарымен жеке сектордағы мал басының өсімінде айтарлықтай айырмашылық бар. Осы жерде неге осылай деген заңды сұрақ туындайды. Мұның негізгі себептері келесілер деп есептеймін. Мал ұстаудың өзіндік құнының, яғни жем-шөптің және бағымның қымбаттығы жылма-жыл мал тұқымының сапасы әлсіреп, зоотехникалық нормаларға сәйкес төл алу индексінің төмендеуі, ауылшаруашылық жануарларының жаппай жұқпалы ауруларға шалдығуы, мал жайылымының тозуы мен жетіспеушілігі, суаттың тапшылығы, мемлекеттік қолдау шараларына жеке қосалқы шаруашылықтардың қатыса алмауы. Осылардың барлығын саралап, жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытудың бірден-бір жолы – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері деген тоқтамға келдік, - деп ой түйіндеді аудан басшысы Алдияр Халелов.

 

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале