Теректі аудандық мәдениет үйінде «Әлеуметтік әріптестік туралы келісімдер мен ұжымдық шарттардың орындалуы және жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы еңбек қатынастарындағы мәселелер» тақырыбында семинар-кеңес өтті.
Оған қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева, аталмыш кәсіподақтың құқық бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хұсайынова қатысты. Сонымен қатар аудандық білім ұйымдарының басшылары, кәсіподақ мүшелері де куә болды.
Семинарды қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының «Батыс Қазақстан облыстық ұйымы» ҚБ төрағасы Марат Даупаев жүргізді.
Басқосу барысында Айгүл Мақсатқызы кәсіподақ ұйымының жұмысын жіпке тізіп берді. Ал Райхан Мамашиқызы жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы құқық бұзушылық, заң, ротация бойынша баяндады.
Кеңеске қатысушылар сағат саны, еңбек демалысы, қоғамдық жұмыс, демалыс хақында сұрақтарын жолдап, мамандардан жауап алды.
Одан әрі бір топ ұстаздар «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медальімен марапатталды. Тінін тарқатсақ, Р.Сүлейменова (Ақсуат ЖОББМ), З.Қарағойшина (Шаған ЖОББМ), Қ.Байғалиевтер (Госплемстанция ЖОББМ) алғысқа кенелді.
Сондай-ақ Ш.Танатарова (Әйтиев БМ), А.Қосмағұлов (Ақжайық ЖОББМ), А.Пернебекова (Федоровка №1 ЖОББМ), Ә.Биғазиеваларға (Х.Есенжанов атындағы ЖОББМ) «Құрмет грамотасы» табысталды.
Барлық қатысушыларға сертификат пен ақпараттық кітапшалар берілгенін айта кеткен жөн.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Жеңісқызы кәсіподақ мүшелері мен қатысушы мұғалімдерге жылы лебізін білдіріп, толағай табыс тіледі.
Балнұр Қанаева,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz