4.03.2025, 17:21
Оқылды: 99

Кәсіптік білім экономиканың қозғаушы күші

Жуырда Жалпақтал ауылындағы Мәдениет үйінде Казталов ауданы әкімдігі мен Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің бірлесіп өткізген «Жұмысшы мамандығы — ел экономикасының қозғаушы күші» атты аудандық форумы өтті.

IMG_4485

Президент Жарлығына сәйкес 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болып жарияланды. Бұл бастаманың негізгі мақсаты жастарды жұмысшы мамандығына бағыттау, олардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және қоғамның осы салаларға көзқарасын жақсарту үшін жасалған нақты қадам еді. Форумға Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов пен ауылдық округ әкімдері, аудандық білім бөлімі өкілдері, еңбек ардагерлері мен әлеуметтік серіктестік жетекшілері, мектеп директорлары мен кәсіби бағдар беруші мамандар, мектептің жоғарғы сынып оқушылары, колледж түлектері мен студенттері қатысты.

IMG_4556

Шара барысында форум спикерлері құрметпен сахна төріне шақырылып, форум тақырыптарына орай қойылған маңызды сауалдарға толыққанды жауап берді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында: - Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалап, біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Сондықтан еңбек адамының мәртебесін көтеру бағытындағы жұмыстар жалғаса береді, - деген еді.

Қазіргі таңда еңбек нарығында білікті мамандар тапшы. Осы мәселені шешу жолында өңірлік кәсіпкерлер палатасы, облыстық білім басқармасы мен кәсіптік–техникалық колледждер бірлесіп, жастар жұмыссыздығын төмендету, кәсіптік білім беру мен еңбек нарығының қажеттілігі арасындағы алшақтықты қысқартудың жолы ретінде дуальды білім беруді дамыту мәселесін қолға алды. Бұл жүйе колледждерде жергілікті жердегі кадрларды даярлаудың ең тиімді тәсілі болып саналады. Сонымен қатар орта мектептерде білімді жаңғырту — қолжетімді сапалы сұранысты қанағаттандыру мақсатында жоғары сыныптарда бейінді оқытуды іске асыруға жоғары сынып оқушыларының болашақ кәсіби қызметін өз бетінше және саналы түрде таңдау қабілетін дамытуға, елдің әлеуметтік экономикалық даму міндеттерін шешуге белсенді қатысуға жол ашады. «Жалпы білім беретін мектептерде 7-11 сынып оқушыларының кәсіби диагностикасын көздейтін, 400-ден астам сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат бар. Онда «Мансап компасы» платформасы енгізілген. Осы арқылы оқушылар кәсіби диагностикадан өтуге мүмкіндік алады. Бұл мамандықты саналы түрде таңдауға және түлектерге болашақ жұмыс орнын табуға ықпал етеді. Ауыл шаруашылығын  дамыту үшін ең алдымен ауылдағы мамандарға тартымды жағдай жасайтын жаңа бағдарламалар аясында кадр даярлау процесін қолға алып,  жұмысшы кадрлардың біліктілігін арттыруға, оларды әлеуметтік қолдауға және лайықты еңбек жағдайларын жасауға күш салу қажет. Себебі, жұмысшы мамандардың әлеуметтік қорғалуы мен еңбек жағдайларының жақсаруы олардың жұмысқа деген ынтасын арттырады. Осыған байланысты мемлекет еңбекақыны көтеру, әлеуметтік пакеттерді кеңейту, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету секілді шараларды іске асыруға басымдық береді. Осыған орай оқушылар мен жастарды кәсіптік бағдарлауға иекмдеу қажет. Себебі, жоғары сынып оқушыларын саналы, дұрыс өмір жолын таңдауға дайындау – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Дұрыс мамандық таңдау арқылы әрбір тұлға елге үлкен пайда әкеледі және өзі осы арқылы таңдаған мамандығынан жеке қанағат алып, зор табысқа қол жеткізеді. Кім болса да туған жерінде жақсы жұмыс істесем, қаржылық жағдайым тұрақты болса екен деп армандайды. Қазір көптеген ата-аналар балаларына жұмысшы мамандығын игеру керек дегенді жиі айтатын болды. Адамның бойына біткен іскерлік қабілетін ешкім тартып ала алмайды. Сондықтан кәсіптік мамандықтарды таңдаған жастар да жолда қалмайтынын ескеріп, үлкен құрметке бөленетінін түсінетін уақыт жеткендей.

IMG_4514

Көрермен залы лық толған айтулы шараны қорытындылаған Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің директоры Жасұлан Ғұмаров бүгінгі өткен форум қызметін өз орталарына танымал етудегі және білім беру мекемелері мен өнеркәсіптік кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызды қадамдарына сәттілік тілеп, бұл іс-шара арқылы жастарды жұмысшы мамандықтарын таңдауға шабыттандырып, олардың ел болашағы үшін маңыздылығын айқындайтынына сенімділік танытып, ұжым атынан шынайы алғысын білдірді.

Қыдыр Харесұлы, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале