Төрт түлік малдың қазақ халқы үшін пайдасы ұшан-теңіз. Ата-бабаларымыз малдың еті мен сүтін, терісі мен жүнін кәдесіне асырған. «Еңбек етсең емерсің» дегендей, ебін тауып еңбек еткендердің тасы өрге домалап, табыстары арта түсуде. Сондай адал еңбекпен нәпақа тауып, жеке бизнесін ашып, шағын кәсібін дөңгелетіп жүрген жанның бірі – Қуаныш Жаданов.
Кейіпкеріміз 1978 жылы Жаңақала ауданында дүниеге келген. Үлкен атасы Құмар алғашқы шөбересі дүниеге келгеніне қуанып, «Қуаныш» деп атын өзі қойыпты. Бала кезінен елгезек, білімге жаны жақын, талабы таудай Қуаныш ағамыз орта мектепті ойдағыдай аяқтаған соң, арман қуып Алматы қаласына аттанады. Арманшыл жас 1996 жылы Алматы қаласы Тұран университетіне оқуға түсіп, 2000 жылы «Құқықтану» мамандығын бойынша тәмамдайды. Кейін Отан алдындағы борышын өтеп, 2002-2015 жылдары құқық қорғау саласында қызмет атқарған.
Байлықты қол жайып көктен емес, еткен еңбектен тілейтін Қ.Жаданов қазіргі кәсібін алғаш рет 2017 жылы қолға алады. Ол осы жылы «Бизнес-бастау» жобасы туралы құлағдар боп, жоба аясында арнайы курс оқып, кәсіпкерлікке ынтасы ауады. Содан не керек, курсты тәмамдап, бизнес кеңесшімен ақылдаса келе, ауданда бұрын-соңды ешкім бастамаған кәсіппен айналысуды жөн көреді. «Ер жолдасы - тәуекел» дегендей, діттеген мақсатына жетуді көздеген кейіпкеріміз несие рәсімдеп, белді бекем буып, Алматыдан жүн түту аппаратын алдырады.
Аппарат келген соң көп уақыт өтпей оның қыр-сырын бірден меңгеріп, тапсырыс қабылдай бастайды.
- «Ерінбеген етікші болады» демекші, адам баласы ерінбесе, қолға алған ісін аяғына дейін жеткізсе, ырысы артып, берекесі молаяры хақ. Бұл кәсіпті бастау бұрыннан да ойымда жүр еді. Алла сәтін салып, 2017 жылдан бері осы кәсіппен айналысып келемін. Сұраныс жаман емес. 1 келі жүнді түту құны – 350 теңге. Біздің кәсіптің халыққа пайдасы бар. Себебі аудан тұрғындары жүнді қалаға апарам деп еш әуре болмайды. Сол жандардың алғысын алып, ризашылығына бөленіп жатамыз. Сондай-ақ қиындығы да жоқ емес. Жүн түткесін шаң-тозаң болады, көп шыдамдылықты талап етеді. Кейде жүн аппараттан өтпей жатады, сол кезде жүнді реттеп, бөліп, араластырып отырамыз. Жүн түту - үлкен еңбекті, төзімділікті, уақытты қажет етеді,- дейді кәсібінің қиындығы мен қызығын әңгімелеген Қ.Төлегенұлы.
Жаңақала ауданында жүн түтуді жолға қойған кәсіпкер талпынысы мен табандылығының арқасында халықтың сұранасына ие болды. Мәселен, жүн түттіру үшін тек ауданымыздан ғана емес, алыс ауыл-аймақтардан да келіп жатады екен. Өткен жылы көршілес Орда ауданынан, Казталов ауданы, Қарасу ауылынан да іздеп келіпті. Бұл кәсіпкердің тынымсыз еңбегінің нәтижесі.
Көпті қуантып жүрген Қуаныштай азаматтың жұбайы Зарина Бекбатырқызы бала күтіміне байланысты демалыста болса да, құр қарап отырған жоқ. Жолдасының түткен жүндерінен көрпелер жасап, оны ұлттық нақышта безендіріп, «Тойбастар» дүкенінде сатуда. Аудан тұрғындары Зарина апамызға «Ескі көрпе, көпшіктерді жаңартып бересің бе?» деп ұсыныс түсірсе, жөндеп, жаңартып та береді. Бүгінде «Тойбастар» дүкенінде орамал, камзол, кәжекей, түрлі кәдесыйлар бар. Әшекей бұйымдардың сан алуан түрі де көздің жауын алады. Тойға, шілдеханаға, мерейтойларға керек заттарды таба аласыздар. Орамалдың сапалы түрлерімен қатар, «тюрбан» орамалдарды да табуға болады. Қазір орамал таққанды құп көретін нәзік жандылардың саны күн санап артып келеді. Бұл бізді қуантады.
- Атакәсіптен ажырамаған ата-бабамыз қой жүнін киім де, төсеніш те, баспана да етті. Кейін осындай құнды дүниелерден көз жазып қалдық. Қазіргі таңда биязы жүнге сұраныс көп. Қазір жеке кәсіпте жүргендердің асығы алшысынан түсіп тұр. Себебі ол үшін біздің елде көптеген тиімді жолдар қарастырылған. Қолдау бар кезде мүмкіншілікті неге пайдаланбасқа? Еңбек – ердің көркі. Қайткенде де қарекет қылсаң, маңдай теріңді сүртіп еңбек етсең, бақыт басын иеді,- дейді Қ.Жаданов.
P.S. Бала кезден қазақы тәрбиемен өскен кейіпкеріміз – жүн түтіп, оны пайдаға жаратудың көзін тапқан. Ел экономикасының етек-жеңі жиналып, шағын әрі орта кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған түрлі бағдарламалар бой көтере бастаған кезде, Қуаныш ағамыз да қарап қалмады. Ауылда сиыр сауып, май былғайтын жанның өзі сиреп бара жатқан кезде, жүн түтуді кәсіпке айналдырған еңбекқор жан туралы қалай айтсаң да, көңілге қонымды секілді. Біз де Қуаныш ағамыздың жұмысына сәттілік тіледік.
Орынгүл Қанат
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz