Өткен айда «Хабар» телеарнасын қарап отырғанмын. «Орман-тоғайдан береке қашып барады» деп бастады диктор сөзін. «Тұмса табиғаттың ағашы өрттен, аңы браконьерден зардап шегуде. Биылдың өзінде 200-ге жуық заңсыз аң аулау дерегі тіркелді.
Әсіресе, батыс пен шығыста жағдай күрделі. Қармағы көлдің, қаруы түздің үрейін алатын браконьерлермен күрес қазір қарқынды жүре бастады...» Батыс? Демек, әңгіме біздің өлке туралы. Баяғы киік аулау, оның мүйізін заңсыз сату болса, оның біздің ауданға қатысы жоқ. Жалпы табиғаттың тепе-теңдігін бұзып, қажетті-қажетсіз аң-құстарды аулау, ату біздің ауданда бар ма екен деп ойладым. Бар екенін ішім сезсе де, көп естілмегесін, жаман атаққа қия қоймадым. Аң-құсымыз онша көп емес сияқты. Көп болмаса да, өзен жағалауындағы тоғайларда біраз аң-құс бар-ау. Сосын миымыздың бір шетінде аңшылық – атакәсіп қой деген де ой тұрады. Күнкөріс қиын, бала-шағасын асырау амалымен аңшылық құрған кездің өзінде адамдар аң-құсты есепсіз, жөнсіз қырмаған екен. Ит жүгіртіп, құс салып, бекзат өнер ретінде игерген. Ауылдың үлкендері аңның төлдейтін, құстың жұмыртқалайтын, балықтың уылдырық шашатын уақытында аулауға тыйым салып, жөн айтып отырған. Қазір ауылдарда сирек болса да, бүркіт баулып, тазы асырап отырғандар бар. Бірақ аңшымын дегендер негізінен мылтыққа құмар сияқты. Асылы, ең оңайы сол боп тұр-ау. Содан кейін дала аңының несін аяйсыңдар дейтіндер бар. Аң да табиғат жаратылысы. Табиғатта бәрінің өз есебі бар. Табиғаттың тепе-теңдігін бұзып алу қауіпті. Әсіресе, аңға шығарда аңшыларымыз Қызыл кітапты еске бір түсірсе, артық болмас еді-ау деп ойлайсың кейде.
Уикипедияның түсіндіруінше, «браконьер» сөзінің қазақшасы «қаскер» екен. Яғни браконьерлік – қаскерлік. Қағаз жүзінде болмаса, жұрттың браконьерді қаскер деп жатқанын естімеппін. Одан да қаскөй деген дұрыс сияқты боп көрінді бір қарағанда маған. Қайсысы болса да, ауыр сөз. Бірақ енді қастық жасайтындары рас қой. Енді браконьер дегенді жалпылама білсек те, браконьерлікке не жататынын анықтап, түсін түстеп алайықшы әуелі. Аң аулау, балық аулау ережесін және жануарлар әлемін қорғау туралы заңның талаптарын бұзып, жабайы жануарларды аулау немесе оларды өлтіру браконьерлікке жататыны белгілі. Тіпті кеңейтілген мағынасында орманды сақтау ережелерін бұзу да, сирек кездесетін немесе бағалы өсімдіктерді заңсыз жинау да браконьерлікке жататынын кейбіреулер білмеуі мүмкін. Осы сұрақтарға Бөрлі аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Саламат Бисалиев толық мәлімет берді. «Біздің ауданда браконьерлік бар ма? деген сұрақтан бастағым келіп тұр. Бар екен. Киік жоқ бізде. Сонда біздегі браконьерлер не атады?» деп оны әңгімеге тарттым.
– Бізде елік (косулья) атады. Өзен жағасындағы тоғайлардан қабан, борсық аулайды. Бірді-екілі басқа аңдар да кездесіп қалады. Қоян аулайтындар да бар. Сосын құс атады. Бізде құс баршылық қой. Өзен-көлдеріміз бар. Демек, балық та көп. Бұл жерде аулауға болмайды деген сөз жоқ екенін түсінетін шығарсыз. Әңгіме кімге аулауға болады және қашан, қалай аулайтындығында. Аңшылық өнерге ешкім қарсы емес. Тек, бәрі де белгіленген тәртіппен, заң аясында болуы керек. Аңшылықпен айналысқыңыз келсе, аңшылық билет алыңыз. Оны «Аңшылар қоғамы» атты арнайы ұйым береді. Аң аулау үшін көбіне мылтық керек. Оны сатып алған соң міндетті түрде тіркеуіңіз керек. Енді бәрі заңды десеңіз, қатты қателесесіз. Аңға шықпас бұрын әуелі жолдама аласыз. Себебі аң-құстың да, балықтың да белгіленген аулайтын уақыттары болады. Аңдардың төлдейтін, балықтардың уылдырық шашатын уақытында аулауға заң бойынша тыйым салынған. Осы талапты сақтамай аңға шықтыңыз ба, демек, заң бұздыңыз. Аңға шығып қана қойсаңыз, әкімшілік жазаға тартыласыз. Ал егер аңға барып қана қоймай, арам ойыңызды жүзеге асырып, рұқсатсыз атып алсаңыз, онда сіз қылмыскерсіз. Көп адам аңшылық билет пен мылтық туралы білсе де, әр аңшыға немесе бір балықшыға қанша мөлшерде аң немесе балық аулауға болатынын білмейді немесе ескере бермейді. Аңшы не болмаса балықшы болғыңыз келе ме – осы саланы әбден зерттеп алыңыз. Мәселен, өзенге ау салып, балық аулауға болмайды. Қандай істі де бастамас бұрын егжей-тегжейлі біліп алу керек. Ау құратындар да бар. Ол заңмен тыйым салынған. Сосын мылтықтан басқа да қақпан, тор, тұзақ құру сияқты қаншама аңшылық құрал-жабдықтар бар. Оларды қолданудың да ережелерін білген абзал. Мұның бәрін айтып түсіндіру менің міндетім емес. Сөз реті келіп жатқасын айтқаным ғой, – дейді Саламат Мұратұлы.
Полиция майорының мәлімдеуінше, 2022 жылдың 8 айында ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 382-бабы бойынша (Жануарлар дүниесін пайдалану талаптарын және аң аулау қағидаларын бұзу) 37 адамға хаттама толтырылған. Яғни сол мерзімде 37 адам аң аулау ережесін бұзған деген сөз. Биылғы 8 айда 34 адам, яғни 34 аңшы ереже бұзып, хаттама толтырылған. Демек, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту берілген. Ақпарат бойынша бірер санға болса да, өткен жылмен салыстырғанда ауданда браконьерлік азайған сияқты болып тұр. Аңшыларымыз бен балықшыларымызға алда да тәртіптілік тілейік.
– 34 ескерту деген былай қарағанда көп емес те сияқты. Бірақ табиғатқа бізден, яғни 34 адамнан зиян келтірілді немесе зиян келтіруге оқталды. Енді осы аталмыш кодекстің 383-бабын, яғни балық аулау және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау қағидаларын бұзу деп аталатын бабын бұзсаңыз, онда айыппұл арқалайсыз. Осы бап бойынша ауданымызда 2022 жылдың 8 айында 10 балықшы, 2023 жылдың 8 айында 8 балықшы «тәртіп бұзған» көрінеді. ҚР Қылмыстық кодексінің заңсыз аңшылық деп аталатын 337-бабы бойынша жыл басында бір іс тіркелді. Тоқтатылған көлікте алдын ала болжам бойынша елікке ұқсас жануардың бөлшектелген еті мен аңшылық қару, патрондар болған. Қазіргі таңда тергеу-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр, – дейді Саламат Бисалиев.
Дариға Нұрашова,
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz