Облысымызға келген «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы. Зейнолла Сәнік – 90 жыл» атты республикалық экспедициясының мүшелері жексенбі күні Бәйтерек ауданына да атбасын бұрды.
Дариян ауылындағы М.Шолохов атындағы мемориалдық мұражайында болған экспедиция мүшелері атап өткендей, бұл жоба ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Қазақстан Жазушылар одағының ұйымдастыруымен бастау алған.
- Белгілі жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің мерейтойы аясында ұйымдастырылған бұл арнайы экспедиция ұлттық рух пен тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған. Жоба барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары мен этнографиясы дәріптелуде. Біздің сапарымыз Маңғыстау облысынан басталды. Онда Шопан атаның басына барып, Оғыландыдағы Бекет атаның жерасты мешітіне зиярат еттік. Ал Атырау облысында Махамбеттің кесенесінде болдық. Енді міне, Батыс Қазақстан облысына келіп жатырмыз. Ақтауда да, Атырауда да, Оралда да зиялы қауым өкілдерімен, өлкетанушылармен кездесудеміз. Ондағы мақсат – олардың этнографияға қатысты мәліметтерін жинап, көп кешікпей кітап етіп шығару, деректі фильм түсіру. Сонымен қатар жас таланттарды қолдау мақсатында Батыс Қазақстан өңіріндегі жоғары оқу орындарының дарынды студенттеріне арнайы тағайындалған көрнекті ақын Есенғали Раушанов атындағы стипендияны табыстаудамыз.
Жалпы мен өзім Бәйтерек ауданына, осы музейге осымен екінші мәрте келіп тұрмын. Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде арнайы шақырумен Қадыр Мырза Әлі, Есенғали Раушанов бәріміз келгеніміз бар. Бұл жақ маған бірден ұнады. Табиғаты әдемілігімен, тұрғындары мейірімділігімен, биік парасатымен ерекшеленеді. Дариян ауылының сырт келбетіне, мұндағы өндіріс орындарына қарап аудан экономикасының жақсы дамығанын да көруге болатындай. Оның үстіне адамзатқа ортақ жазушы, әлемге кең танымал тұлға Михаил Шолоховтың осында тұруы да көп нәрсені аңғартса керек. Осылардың әсері шығар, Ақ Жайық өңіріндегі сапарымыз сәтті де, мәнді өтті деп есептейміз, - деді өз сөзінде белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, экспедиция жетекшісі Қасымхан Бегманов.
Содан соң Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры, белгілі ақын, ұстаз Серік Қалиев мерейтой иесінің этнографияық еңбегін М.Шолохов атындағы музейге, ауыл әкімдігі мен кітапханаға тарту етті.
Құрамында белгілі этнограф, мәдениеттанушы, қаламгерлер мен БАҚ өкілдері бар экспедиция мүшелерінің сапары енді Ақтөбе облысында жалғасады.
Сәкен Мұратұлы
Бәйтерек ауданы