7.07.2022, 12:00
Оқылды: 50

Қауіпсіздік – басты назарда

Теректі ауданының баспасөз мәслихатында білім беру бөлімінің басшысы Жанаргүл Хусаинова қонақта болып, білім сапасы, ҰБТ көрсеткіштері мен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру туралы баяндады.

IMG-20220706-WA0023

2021-2022 оқу жылында аудан бойынша 36 жалпы орта білім беретін мектепте 6203 оқушы білім алыпты. Үлгерім сапасы – 100, білім сапасы 58,4 пайызды құрайды. Биылғы оқу жылында 311 шәкірт алтын ұяларымен қош айтысқан. Ал 257 түлек ҰБТ-ға қатысып, білімдерін сынаған. 16 мамыр – 5 шілде аралығында өткен білім додасында әр оқушыға екі мүмкіндіктен берілгені белгілі. Ақжайық жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі Аяжан Асылбекова тестілеуге бір рет қатысып, ең жоғары 130 балды иеленіпті.

Ауданның 33 мектебінде 3344 бала қамтылған мектеп жанындағы лагерьлер 1 маусымнан бастап қызу жұмысқа кірісті. Шалқар көлі жағалауындағы «Жасұлан» лагерінде 7 ауысымда 350 шәкіртке естен кетпес демалыс сыйлау жоспарланған. Шілде айында теректілік 100 оқушыны еліміз бойынша қала сыртындағы сауықтыру лагерьлеріне, шипажайларға арнайы жолдамамен жіберу де қарастырылған. Жалпы, аудан бойынша балаларды сауықтыруға бөлінген қаржы - 3 млн 675 мың теңге.

Тікелей эфирді тізгіндеген «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің директор-редакторы Әділет Әлібекұлының Шалқар көлінде орын алған қайғылы жағдайға байланысты балалардың қауіпсіздігін қамту мәселесі бойынша сұрағына бөлім басшысы:

- Ауданымыздағы барлық мектептерде оқушылардың қауіпсіз демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыру жұмыстары жоспарлы түрде қадағаланып отырады. Барлық мектептерде ата-аналардың қатысуымен жиналыс өткізіліп, жазғы демалыс кезіндегі қауіпсіздік ережесімен таныстыру мақсатында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Суға түсу маусымында қауіпсіздік ережелерді сақтау бойынша жаднамалар да таратылды. Аудан бойынша Ерхат Шмитов есімді қосымша білім беру педагогі  «Жедел құтқару» жасағының базасында жүзу нұсқаушыларына және судан құтқарушыларға арналған оқудан өтті. Қазіргі уақытта Ерхат Саясатұлы «Жасұлан» лагерінде жүзу нұсқаушысы болып қызмет етуде. Балалардың суға түсу уақытындағы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, - деп жауап берді.

Тікелей эфир барысында Жанаргүл Жеңісқызы ұстаздар мен оқушылардың жетістіктеріне де тоқталып өтті.

Аягөз Айтқалиева,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале