21.05.2020, 12:53
Оқылды: 66

Ит қауып, мысық тырнады

Жаз шыға, ит қапты, мысық тырнады деген әңгіме желдей есетіні бар. «Саралжында сегіз жасар қыз бала мысыққа таланып, Бисен, Жиекқұм мен Сайқында ит қапқан тұрғындар көп екен» дегенді біз де естіп, ақ-қарасын анықтаған едік.

D1D1BC0D-C7E5-4D4D-A6F1-928125A09AE9

Саралжындық Марс Өмірханов: - Алла сақтасын, оқиға олай болған жоқ. Үйде екі мысығымыз бар. Сол мысықтарға «қонаққа келетін» қаңғыбас мысықтар бар дегендей, ауламыз мысықсыз болмайды. Динара есімді қызым ойнап жүргенде, мысық тырнап алыпты. Медицина қызметкеріне көрсетіп, тиісті ем-шарасын алдық, - дейді.

Саралжын ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы лейтенант Жанарбек Қауыс:

– Орын алған жайтқа қатысты тиісті шараның бәрі қолға алынды. Қаңғыбас мысықтардың көзі құртылды. Ал ит қапқан 1953 жылғы азаматшаға айтарлықтай зақым келді. Оң жамбасын тістеп алған екен. Дәрігерлер көмегі көрсетілді. Құтыруға қарсы екпесін алып, ит те тексерілді. Ит қожайынына айыппұл салынды дейді.  

3B011CD2-B1BB-4C66-8B94-FA88BE9E7300

Дәл осындай ит қабу оқиғалары Бисен ауылында, осы округке қарасты Жиекқұм елді мекенінде және аудан орталығында орын алды.

Ауданның бас дәрігері Анарбек Белисановтың мәліметіне құлақ түрсек, биылғы бес айда 17 адам итке қабылып, төрт адам мысыққа таланған. Жынысы мен жасына қарай жіктеп көрсетсек, 9-ы ер адам болса, 12-сі әйел адам. Жасына қарай айтсақ, 12-сі ересек адам болса, 9-ы жасөспірімдер. Дене жарақаттары әр қалай. Аса ауыр зақым алған ешкім жоқ. Иттердің құтыру белгілерін анықтауға сараптама жасалған. Әлі де жауабы кеп үлгермегендері де бар. Бір қуаныштысы, дәл бүгінге дейін адамға айбат шеккен иттерден құтыру белгілері анықталған жоқ.

F708FDB1-030F-4B47-95E2-330F6910EB08

Адамдарға «шабуыл» жасап жүрген иттің бәрінің қожайыны бар. Аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Жангелді Салауатов биылғы бес айдағы 13 ит қабу оқиғасы бойынша 12 қожайынға 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынып, бір азаматқа ескерту берілді дейді.

Өткен жылдың бес айында сегіз адам ғана ит-мысықтың «шабуылына» қалса, биылғы бес айда ол көрсеткіш үш есеге өсіп тұр.

Қаңғыбас иттер, қожайынсыз мысықтар бақылауда. Бұқара қауіпсіздігін сақтау мақсатында оларды жойып отырады. Аудандық ветеринарлық станса директоры Алмабек Құрмашевтің айтуынша, ағымдағы жылдың бес айында аудан бойынша 124 ит атылған. Оған 309 000 теңге жұмсалған. Ал, жалпы бұл жұмысқа бюджеттен 663 000 теңге қарастырылған екен.

Ұлпан Әнуарқызы

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале