Бүгін, Тасқала ауданының орталығындағы жаңадан ашылған дене шынықтыру сауықтыру кешенінде Кеңес Одағының Батыры Садық Жақсығұловтың туғанына 100 жыл толуына орай қазақ күресінен Халықаралық турнирдің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты жиында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев пен Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров сөз сөйлеп, жиналғандарды айтулы күнмен құттықтады. Содан соң Талғат Асқарұлы Батырдың ұлы Марат Жақсығұловтың иығына Тасқала халқының атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.
Турнирдің ашылу рәсіміне Тасқала ауданының Құрметті азаматы Табылғали Сапаров, самбодан және еркін күрестен ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мүсілім Оңдағанов, облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев, Батырдың ұлы Марат Жақсығұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, әлем чемпионы, жерлесіміз Бауыржан Мәмбетов арнайы қатысты.
Халықаралық турнирде Ақмола, Алматы, Абай, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан облысы мен Ақжайық, Бәйтерек, Бөрлі, Жаңақала, Жәнібек, Казталов, Теректі, Шыңғырлау, Сырым және Тасқала аудандарының палуандары белдесетін болады. Айта кетейік жарысқа бас төреші ретінде қазақ күресінен ұлттық дәрежедегі төреші Дамир Рамазанов төрелік етеді. Салтанатты шара соңы театрландырылған көрініспен аяқталды.
Назгүл Серікқызы,
Тасқала ауданы,
zhaikpress.kz