24.11.2020, 19:40
Оқылды: 83

«Қазақ радиосы» сөйлейтін, 4G ұстайтын ауыл

Жетікөл ауылдық округі – Сырым ауданының әкімшілік бөлінісі ғана емес. Жетікөлдің қазақ тарихында орыны бар. Жетікөл - аты Азаттық деген асыл сөздің синониміне айналған сардар Сырым туған текті топырақ, Даттың ұрпақтары өрген даңқты дала. Сол даладан Дат мешітінің мұнарасынан аңқыған азанның хошын сезесің. Ескі жұрттарды араласаң, құлағыңда қырық ишанның дұға-батиқасы жаңғыратындай ма? Осы аптаның басында қазақ тарихының алтын парағы – Жетікөлге сапарлап қайттық.

dav

Жетікөл ауылдық округінде бүгінде 1020 адам тұрады. Округте Қосарал, Жетікөл, Ағоба және Қарақұдық деген 4 ауыл бар. Ауылдарды айтпағанда, біздің жақтың әр қырында, әр белінде тіршіліктің түтіні түтеп жатыр. Төскей толы мал. Қыр сайын шаруалардың шаңырағы қарсы алады. Қазақтың төрі кімді де болсын жатсынбайды.  

 

Жылдың басындағы есепке сүйенсек, округтегі жеке тұрғындарда 1832 ірі қара, 5532   ұсақ мал, 593 жылқы, 586 құс бар екен. 28 шаруа қожалығының иелігіндегі төрт түлік мұның сыртында. Оларда 3583 ірі қара, 8997 ұсақ мал, 2162 жылқы, 8 түйе, 267 бас құс бағылуда. «АтилГейх» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 393 ірі қара,1802 ұсақ мал, 201 жылқы,1 бас түйе, ал «Суат» ауылшаруашылық өндірістік кооперативінде 390 ірі қара өсірілуде. Округте жыл сайын мал басының өсімі байқалуда.

dav

Малды өсіру бір шаруа, ал асылдандыру тағы бір шаруа. Соңғы жылдары асылдандыру ісін жетікөлдіктер де жетік меңгере бастады. Мал тұқымын түрлендіру мақсатында округтегі шаруашылықтар 38 асыл тұқымды бұқа мен 88 асыл тұқымды қошқар сатып әкеліпті. 17 шаруа құрылымы мемлекеттік бағдарламаға қатысып, 27 млн. 872 теңге демеуқаржы алған. «Азат» шаруа қожалығы МТЗ-89 маркалы тракторды шөмішімен қоса лизингке алса, «Нұрдәулет-1» шаруа қожалығы да осы әдіспен МТЗ-80 тракторын әкелді.

«Жылқыны шұбырған құртады, Етті тураған құртады» деген мақалды «Сиырды сарып құртады» деп амалсыздан жалғайсың. Жетікөлдіктер сарыпқа сақ отыр. Округте ветеринарлық шаралар жоспарлы түрде жүргізіліп, сарыпқа оң нәтиже берген 13 бас ірі қара жойылыпты. Ұсақ малдардан оң нәтиже тіркелмеген.

dav

Биыл көп өңірді құрғақшылық кәдімгідей қысты. Құрғақшылық қысқанды қымбатшылық тағы қысады. Дегенмен жетікөлдіктер ала жаздай жерден шалғы көтерген жоқ. Бар шөпті шауып алды. Еткен еңбектің есесін Алла қашан қайтармап еді? Жеке тұрғындар мен мал қыстақтарына

13,35 тонна шөп үйіліп, Жетікөл ауылдық округі биыл мал азығын дайындау жоспарын 97%-ға орындады. Шаруалар ысырапшыл емес, алдын ойлайды ғой. Былтырдан қалған 3223 тонна шөп қалыпты. Қалған азық та биылғы қорды толықтырып тұр.

Қанша жерден карантин, коронавирус, пандемия десек те, халықтың мәселесі шешілмей, шетке қалмауы керек. 2020 жылы округтегі ең өзекті мәселелердің бірі – ауыз су мәселесі шешілді. Қосарал, Жетікөл елді мекендерін ауыз сумен қамту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Боқай қыстағынан жер асты суы тартылып Қосарал ауылына 21 таратқыш, Жетікөл ауылына 12 таратқыш арқылы су берілуде. Кейбір ауыл тұрғындары техникалық құжаттарын дайындап, ауыз суды үйлеріне тартуға жұмыстануда.

dav

Есептік жиналыстардың күн тәртібінен түспей жүрген өзекті мәселенің бірі - Жетікөл ауылы, Бұлдырты көшесіне газ құбырын тарту еді. Биыл бұл шаруа шешімін тапты. Жетікөл ауылына газ құбыры барды. 4 үйге көгілдір отын қосылды.

Жетікөлдіктер жақсылық жолындағы жарыстан шет қалған емес. Сырым ауданының әкімі Т.Төреғалиевтің табысы аз, тұрмыс деңгейі төмен жанұяларға газ кіргізу туралы үндеуін де ауыл азаматтары өздеріне артылған аманаттай қабылдады. 2005 жылғы мектеп түлектері күш біріктіріп, демеушілік жасап бір көпбалалы жанұяның шаңырағына газ желісін тартып берді. Ал әлеуметтік жағдайы әлжуаздардың тобына жататын тағы бір тұрғынның үйіне көгілдір отынның жетуіне С.Датұлы атындағы қоғамдық қор демеушілік етті. Округте бүгінгі таңда Қосарал ауылында 151 үй, Жетікөл ауылындағы 26 үй көгілдір отынмен қамтылған.

sdr

Тамыз айында Жетікөл ауылдық округіне жаңадан әкім сайланды. Осыған дейін елдің басын ұстаған білікті мемлекеттік қызметкер, іскер әкім Салауат Ғабдуллин зейнетке шығып, оның орнына жас, жас болса да ауданның басында коммуналдық салада біраз жыл тәжірибе жинаған Айболат Нұрмұханов кірісті. Кешегі сапарымызда жаңа әкімді қызметімен құттықтап, сәттілік тіледік. Алға қойған арман-ниетін білдік, ауыл болашағына қатысты ой-жоспарын сұрадық.

«Жас келсе – іске!» дегендей, Айболат Нұрмұханов қол қусырып отырмай, келісімен іске кірісіпті.

Қосарал ауылының орталығында саябақ бар. Жылма-жыл ауыл азаматтарының күшімен абаттандырылып келеді. Бір жылы ескерткіш ашылды, бір жылы ағаш егілді. Дуал салынды, сыртқы сахна орнатылды. Бір сөзбен айтқанда, бұл саябақ – жетікөлдіктердің ауылына деген перзенттік махаббатының көрінісіне айналуда. Бір әттеген-айы, саябақ нысан ретінде ешбір мекеменің теңгерімінде жоқ екен. Жаңа әкім сол шаруаны қолға алыпты. Салауат ағамыз әкім болған уақытында берген бір сұқбатында «Ауылдың кіреберісінде көпір бар. Сол көпірді жөндеу керек. Ауылға кіріп келе жатқан адам тамсанып кіруі керек!» - деп еді. Айболат Сақтағанұлы бұрынғы әріптесінің сол аманатын да жерге қалдырмапты. Орталық саябаққа қоса, кіреберіс көпірді округ әкімі аппаратының теңгеріміне алуға жұмыстанып жатыр екен. Теңгерімге алынса, жобалық-сметалық құжаты жасақталып, жөндеуге ұсынылмақ.

oznor

Өткен жылы «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында ауылдық округ әкімі аппараты, жалпы білім беретін Сырым орта мектеп балабақша кешені, Қосарал дәрігерлік амбулаториясы, Қосарал ветеринарлық пункті талшықты-оптикалық ғаламтор желісіне қосылған еді. Биыл «Қазақтелеком» жүйесі арқылы 48 нүктелік станса орнатылып, 10 үй интернетке қосылды. Басқа үйлер де сұраныс беріп, құжаттарын дайындауда.

Жетікөл ауылдық округінде «Beelline» ұялы байланыс операторының ғаламторы 4G сапада ұстайды. Мұндай сапа ауданның орталығы Жымпитыда жоқ. Бұл да – жаңа әкім Айболат Нұрмұхановтың алғашқы жұмыстарының бірі.

- Қызметке келгендегі алғашқы шаруам – ғаламтор сапасын жақсарту болды. Қала мен ауыл мектептерінің арасындағы алшақтықты сапалы ғаламтор ғана жояды. Ғаламтор сапасыз болса, ең әуелі оқушылар мен мұғалімге қиын. Онлайн сабақ әдісін қолдана алмайды. Қазір студенттердің көбі ауылда. Қашықтан білім алып жатыр. Сапалы интернет оларға да керек. «Кар - Тел» ЖШС бас атқарушы директоры Е.Настрадинге, «Қазақтелеком» АҚ филиалы Батыс өңірлік коммуникациясы дирекциясының директоры А.Қадралиевке, «Мобайл Телеком-Сервис» техникалық директордың орынбасары Б.Толқыновқа хат жаздық. Келіссөздер жүргіздік. Нәтиже берді. Қазір ауыл шетіндегі «Beelline» мұнарасы сапалы интернет таратып тұр, – дейді округ әкімі.

Электр энергиясын үнемдеу, баламалы энергия көздерін қолдану да – заман тудырған жаңа басымдықтардың бірі. Биыл Қосарал, Жетікөл ауылдарындағы 9 көшеге 32 жарықшам орнатылды. Бұл жарықшамдар бұрынғылардан өзге. Біріншіден, бұлар – энергия үнемдейтін диодты лампалар, екіншіден шамдар таймер арқылы қосылады. Яғни, кеште жағамын деп таңда сөндіремін деп, ешкім көше жағалап жүрмейді. Жарықшамдар жарқырап, елді мекендердегі көшелерге атаулары мен нөмерлері тағылып, Жетікөл ұлттық санақ жұмыстарына әзір тұр.

Бұрындағы үйі бұзылмаған ауыл әдемі көрінетін. Қазір көлге қайтқан аққу-қаздай, ауылға ел қайтуда. Үйлер бұзылса да, қайта жөнделіп, тіпті жаңа үйлер салынып, көз қуантуда. Мәселен, шаруа азаматтар А.Есенғалиев, М.Қазмағамбетов ауылдан үй салып, жақсы өнеге көрсетуде. Тағы екі  азамат үй салуға жер алып, құжаттарын реттеп жатыр екен.

Жанды жадыратқан тағы бір дүние – Қосаралдың төрінде саңқылдап «Қазақ радиосы» сөйлеп тұр екен. Бұл тамаша тартуды «Туған жерге тағзым» жобасы аясында 1980 жылғы түлектер жасаған. Радиоқабылдағыш Қосарал мәдениет үйі ғимаратына орналастырылыпты.

Еліміздегі болып жатқан індет Жетікөлді қайдан айналып өтсін? Округ бойынша КВИ-мен - 8, пневмониямен -13 науқас тіркеліп, олардың 9-ы стационарда ем алса, 12-сі үйден емделіпті. Қосарал дәрігерлік амбулаториясы жанынан дәрігер мен медбикелерден құрылған мобильдік топ 16 адамды бақылауға алып, нәтижелі жұмыстанып, карантин талаптарының қатаң сақталуын үнемі назарда ұстады. Карантин мерзімі кезінде әкімшілік, медицина кызметкерлері мен аймақтық полиция инспекторы және ауыл жастарынан құрылған мобильдік топ дүкендердің санитарлық талаптарды сақтауын, ауыл ішінде адамдар мен көлік қозғалысын реттеп, жүріп-тұруы жөнінде түсіндіріп, рейдтік жұмыстар жүргізіп, уақытпен санаспай еңбек еткендерін айта кетуге болады

Осы қиыншылықты жеңу мақсатында Қосарал балабақшасының қызметкерлері мен ауылдың 5 азаматшасы маска тігіп, ауыл халқына таратты. Ал ауыл жастары мүмкіндігі шектеулі жандары бар, аз қамтылған, көпбалалы, 10 отбасыға  азық-түлік беріп көмек көрсетті. Төтенше жағдай кезінде «Nur Otan» партиясының ұйымдастыруымен 25 отбасыға 50 мың теңгеден қаржылай көмек берілді.

Өзінің ризық-несібесімен біреумен бөлісу де мұсылмандық қой. Жазда тегін қымыз былай тұрсын, сатып алуға қымыз таппай қиналғанымыз есімізде. Ал Жетікөлдің шаруа жігіттерінің бірі, «Өркен-2» шаруа қожалығының жетекшісі Темірхан Рамазанов бие сауып, ауылын саумалмен қамтамасыз етіп, тіпті аудандағы провизорлық орталыққа саумал мен қымызды тегін беріпті. «Айкөркем» шаруа қожалығының басшысы Б.Кұсесовтың провизорлық орталықтағы науқастарды тамақтандыруға 10 бас ұсақ мал беріп, қайырымдылық көмек көрсеткенін білеміз.

Елдің ішінде кәсіпке ден қойып жатқандардың қарасы көп. Биыл «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып, «Игілік» бағдарламасы бойынша 2 адам 4 млн. теңге, 1 адам 1,5 млн. теңге несие алса, 6 адам қайтарымсыз грантқа ие болған. Олардың біреуі - ірі қара, төртеуі – қой, ал тағы біреуі құс өсірумен айналысуда.

Әрине, тіршілік бар жерде мәселе де болады. Жетікөлдегі шаруа жұрт Бұлдырты өзенінің тартылып бара жатқанына, шабындықтарға, көлдерге су шықпағанына қапалы. Мал суаратын құдықтардың су қоры мәз емес. 23 шақырымдық кірме жол жөнделсе де керемет болар еді. Дегенмен ел жақсылыққа ниетті. Игіліктің бәріне бірлікпен жетеміз деп отыр. Лайым, жетсін деп тіледік.  

 Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале