7.02.2024, 11:00
Оқылды: 50

«Қазақ сыныптарын ашпай, ауылдың болашағы жоқ»

Бәйтерек ауданы Сұлукөл ауылдық округіндегі есептік кездесуде ауыл шаруашылығын дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру, «Ауыл аманаты» жобасы аясында бизнесті қолдау, құрылыс, әлеуметтік нысандарды жөндеу барысын баяндалды. Жиында көтерілген басты мәселе – шекарадағы халықты тұрақтандыру, санын өсіру, осы мақсатта тұрғын үй құрылысын жүргізу және қазақ сыныптарын ашу.

IMG-20240207-WA0017

Айта кету керек, алақандай ауыл тамылжыған табиғатымен ғана емес, рухани көрікті тұрғындарымен де ерекше. Мәдениетке айрықша көңіл бөлінген. Мәселен, ауылдық кітапхананың 11 мың 931 кітап қоры, 290 оқырманы бар. Сөзіміздің дәлелі, округте Б.Соқпақбаевтың шығармалары бойынша «Бір ел – бір кітап» акциясы, «М.Әуезовты оқу», «Балаларға соғыс туралы оқу», «Парасат жолы» бағдарламасы бойынша өлкетану жұмысы ұдайы өткізілуде. Шәкірттердің Қадыр және Жұбан оқуларына қатысуда да белсенді.

IMG-20240207-WA0020

Сұлукөлдіктер билік тарапынан атқарылып жатқан жұмысқа оң бағасын берді. Жол салынып, қатынас жақсарды. Енді ауылдастарымыздың қатары көбейсе деп қазақы дархандығын байқатты. Мектеп жабылмасын, бала саны өссін, қазақстандық арналар көбейсін, ауыл дамысын дейді. Тазалық мәселесін де назарда ұстап отыр.

IMG-20240207-WA0021

Бала төл арнаны тамашалап, қазақы тәрбиеге сусындап өссін деген тұрғындардың риясыз қалауына риза болған аудан әкімі Марат Тоқжанов:

 - Бұл мәселені «ОтауТВ» компаниясымен шешіп береміз. Сіздер тек ауызбірлік танытып, кісі санын толтырыңыздар, - деді.

Ал мектептің жабылмайтынын, қайта оны жандандыру ісі қолға алынатынын айтты.

- Соңғы үш жылда білім ұялары қарқынды бой көтеруде. Бәйтеректегі кейбір елді мекендегі халық саны қазір кейбір ауданның округінен көп. Сондықтан мектеп жабылмайды. Бұл мәселені болдырмау – ауылға барынша көңіл бөлу, халыққа жағдай жасау. Бүгінгі күні бала санының аздығына байланысты білім саласында үлкен мәселе тудырып отырған осы Сұлукөл, Чиров ауылдары және Кирсанов елді мекені. Шекарада тұрған ауылдарды ешуақытта иесіз қалдыруға болмайды. Қазақта мақал бар «Бос тұрған жерге, дұшпанның көзі түседі» дейді. Сондықтан қазір Чиров ауылына 3 отбасыны, 16 баланы көшіріп әкелдік. Қазақ сыныптарын аштық. Дәл осы үрдісті Кирсанов пен Сұлукөлде де жалғаймыз. Өйткені, қазақ сыныптарын ашпай, ауылдың болашағы жоқ. Мұғалімдермен толықтай қамтамасыз етудеміз. Былтыр 39 үй сатып алынды, 15 ауылдық округтен. Осылайша көп балалы шаңырақтарды ауылдарға қоныстандырамыз, - деді Марат Лұқпанұлы.

 

Гүлжаз Баделова,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале