29.02.2024, 18:10
Оқылды: 9

«Қазақ халқының жақсылығын ұмытпаңдар, тату болыңдар, еңбекқор болыңдар»

Бөрлі ауданында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінде бірлігі жарасқан қазыналы мекеннің халқы ұлтқа бөлінбей бір-бірімен біте қайнасып кеткен. Тіпті құдандалы болып, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін жаңғыртып отыр. Әр ұлттың салт-дәстүрін ұстанып, барлық рәсімдерін жаңартып, өзгелерге үлгі болып отырған осындай көп ұлтты отбасылардың бірі Бөрлі ауылындағы Сұлтановтар әулеті.

ағайынбыз бәріміз (3)

Әр отбасы бір тарих

1930 жылдардың соңында Жапония мен Кеңес Үкіметінің шиеленісінен кейін Қиыр Шығыстан Қазақстанға түрлі ұлттар мен ұлыстар көшірілген еді. Бұл – өткен ғасырда болған үлкен трагедия Софья Пактың да отбасын айналып өтпеді.

Әлі оң солын айыра қоймаған Софья ағалары Володя, Коля, Луна және сіңлісі Вера ата-аналарымен өз атамекендерінен күштеп көшіріліп, бір-ақ түнде тауар вагондарына тиеп алып, ашық далаға «төгіп» кету үшін бір ай жол жүрген. Бастапқыда вагонға тиелген балалардың саны 12 болған. Аштық пен үскірік аяздың салдарынан балалардың біразы көз жұмып, әр станция сайын денелері түсірілген. Сөйтіп, Бөрлі жеріне тек 5 адам жеткен. Софья ол кезде 11 жаста еді. Оны отбасымен қазіргі Бөрлі ауылына жіберді.

Қазақ жеріне ешбір дүние-мүліксіз, яғни дайындықсыз көшіп келген бұл отбасының жан сақтауы тек жергілікті ұлттың жанашырлығы мен мейірімділігінің арқасында ғана мүмкін болған еді. Алғашында ауылдағы МТС ғимаратында тұрып, жергілікті халық қолындағы нанымен бөлісіп, тағдыр тәлкегіне түскен отбасыға ең қиын сәттерде қолұшын берген. Одан кейін отбасы қазіргі Қанай ауылының Ақрап бөлімшесіне көшеді.

Саяси жүйенің қаһарынан әбден жүдеген тұрғындар енді-енді естерін жиып келе жатқанда Ұлы Отан соғысы басталады. 1941 жылы Софьяның әкесі еңбек майданына жіберіледі. Көп ұзамай анасы әскери бөлімге, ал Софья болса әскери госпитальға жұмысқа шақыртылады.

Отанымыз Қазақстан!

Ұлты өзге болса да қазақ жеріне бауыр басқан кәріс қызы осылайша түрлі қиындықты бастан кешіреді. Сұрапыл соғыс жылдары анасы мен ағалары өмірден өтіп, бауырдан Володя ағасы екеуі ғана қалады.

- Түрлі ұлт пен ұлысқа пана болып, төрінен орын берген қазақтың жақсылығын қилы заманды басынан өткерген жан ешқашан ұмытпайды деп ойлаймын. Менің анам сол қорқынышты күндерді басынан кешірген жандардың бірі. Көзі тірісінде «қазақ халқының жақсылығын ұмытпаңдар, тату болыңдар, еңбекқор болыңдар» деп отыратын. Анамыз 1945 жылы 18 жасында Ұлы Отан соғысына қатысып, бір аяғынан айырылған Жүсіп Сұлтановқа тұрмысқа шығады. Әкеміздің бірінші отбасынан үш жасар Шолпан есімді қызы бар. Одан кейін 3 қыз, 4 ұл дүниеге келеді. Анамның ағасы Володя Ольга атты украин қызына үйленеді. Балимаш атты үлкен апам өзбек ұлтының жігітіне күйеуге шықты. Тағы бір ағамыз татар қызға үйленді. Екіншісі орыстың қызын алды. Осылайша біздің жанұя көп ұлтты отбасыға айналдық, - дейді кейіпкеріміздің қызы Батима Кусалиева.

Софья Антонқызы өз балаларын өсіріп қана қоймай, немере, шөбере тіпті шөпшектерінің де тәрбиесіне араласқан. Немере келіні Полина Сұлтанованың айтуынша, әжелері өмірге шағымданбауға, еңбекқорлыққа, төзімділікке, бастысы халықтар арасындағы достықты берік сақтауға, оның ішінде ұлт болып бөлінбеуді үйретіп келген.

- Біздің шаңырақта береке мен бірлік бұлжымас қағида. Түрлі ұлттан болсақ та ешқандай түсінбеушілік болған емес. Тіпті отбасымызда «сенің ұлтың қандай?» деген сұрақ жоқ. Қазірде анам Софья мен нағашымыз Володядан тараған ұрпақтарынан жүздеген адам бармыз. Олардың ішінде қазақтар, өзбектер, татарлар, орыстар, кәрістер, украин мен беларусь ұлтының өкілдері бар. Ұлттың түрлі болуы татулыққа еш кедергі келтірмейді екен. Дәстүрлерімізде ұқсастықтар бар. Бөліп-жармай барлығын да атап өтеміз. Ең бастысы, бір-бірімізге деген сыйластық болса болғаны. Біздің шаңырақта Құрбан айт мерекесінде бауырсақ, ал, Пасха мерекесінде күлше нан пісіріледі. Басымыз қосылса қазақтың бешбармағы дастарханымыздан табылады. Өзбектің ұлттық тамағы сумаляк та біздің сүйікті асымыз. Үлкен қазан етіп дайындап, баршамыз ауыз тиеміз. Палау, самсаны да сүйіп жейміз. Барлық мейрамды бірге тойлаймыз. Сондықтан шығар біздің отбасында мереке көп. Біздің ойымызша әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсінік қаншалықты мықты болса, қоғамның діңгегі де соншалықты берік болары сөзсіз. Бұл біздің талай қиындықпен бірге, жергілікті тұрғындардың мейірімділігін көрген ата-әжеміздің бізге қалдырған аманаты. Енді біз осы татулықты өзіміздің ұрпағымызға жалғастырып жатырмыз, - дейді Софья әженің немересі Марина Рублевская.

Әр жанұядағыдай бұл отбасында да әртүрлі қуаныштар мен қиындықтар болды. Бірақ олар ешқашан мойымады. Керісінше бір-біріне деген сенім мен сыйластық - үлкен, тату шаңырақтың негізін қалады. Шынында да, халық даналығы «Ырыс, қайда барасың? Ынтымаққа барамын!» дейді емес пе?! Ынтымағы, бірлігі мен тұрақтылығы жарасқан бұл көпұлтты отбасы осылайша ауданымыздың мақтанышы болып қала береді.

Айым НҰРҒАЛИЕВА,

Бөрлі ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале