Кеше “Ел бірлігі - Жаңа Қазақстан” жобасы аясында Роза Бағланова атындағы “Қазақконцерт” мемлекеттік концерт ұжымы өнер кешін Жымпитыда өткізді.
ҚР Журналистер одағының мүшесі, “Шалқар” радиосының аға редакторы Жасұлан Наурызбайұлы тізгіндеген кештің шымылдығы “Астана сазы” қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблінің арнауымен түрілді.
Аталған ансамбль мен оның мүшелері бірқатар халық әнін аспаптарда орындап, тыңдарман қауымның құлақ құрышын қандырды.
Одан бөлек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрболат Арзамасұлы халық әндерін түрлі тілде орындап, халықтың ықыласына бөленсе, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әлібек Әлмадиев, ҚР Мәдениет саласының үздігі Перизат Тұрарова, халықаралық байқаулардың лауреаты Райым Уайс, елдің сүйікті әншілері “Меломен” тобы әндерімен тыңдарман жүрегінен ерекше орын алды.
Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев қонақтарға аудан атынан алғыс айтып, алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етті.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz