Күні кеше Қазақстан азаматтарының қатарын тағы бір адам толықтырды. Жаңа туған шақалақ деп ойласаңыз, қателесесіз. Ол – 52 жасында Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін алған Оразбай Көбенов.
Таң қалмаңыздар. «Сандық Қазақстан» қалыптасып, екінің бірі анықтама-құжатты жай смартфонмен алатын бүгінгі күндері жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар бар арамызда.
Басқа айтса сенбес едім, бұл хабарды Теректі аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция капитаны Әділбек Баймұханов растап отыр.
- Жеке куәлігін немесе туу туралы куәлікті қайта рәсімдеу – өте қиын мәселе. «Қызыл паспортпен» жүрген азаматтар қай елде туса, 1991 жылдан бастап сол елдің азаматы болып есептеледі. «Қызыл паспортты» алмастыру үшін әр елдің елшілігіне хабарласып, арызданушы азаматтың сол елдің азаматы ма, жоқ па деген сұраққа жауап беретін анықтама сұратамыз. Бұл анықтамасыз Қазақстан азаматтығы берілмейді. Нақты Оразбай Көбеновтің құжаттарын жинақтау үшін туған жеріне, Қызылорда облысының мекеме-мұрағаттарына сұрау салдық. Шаралар сәтті аяқталып, жеке куәлік алуға қол жеткіздік,-деді ол.
1970 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған Оразбай Көбенов жеке басын растайтын кеңестің «қызыл паспортын» 90-жылдары жоғалтқан екен.
Сол жылдары дәм-тұз айдап, осы Теректі жеріне қоныстаныпты. Қазір Юбилейный ауылында тұрады. 5 баласы бар, үлкен отбасының егесі. Өз құжаты жоқ әкенің бес баласы да анасының құжатымен рәсімделген. Ресми жұмыс жасап, зейнетақы қорын да жинақтамаған. Әйтеуір, ауыл ішінде мал бағып, нәпақасын айырған отағасының алдын ойлаған жұбайы ізденіп, аудандық көші-қон қызметіне келіпті.
Отыз жылдай ресми есепке кірмей, «көлеңкеде» жүрген жанның толыққанды азамат атағын алуы – қуанарлық жайт. Оразбай Жандәулетұлының өзі де жеке құжат алғанына сенер-сенбесін білмей, қуаныштан алғысын айтып жатыр.
- Ауданда жыл сайын осылай жылдап құжатсыз өмір сүрген адамдардың жеке басының құжатын жасатамыз. Әлі де құжатсыздар бар. Көбі «ащы суға» әуестер. Құжатын жоғалтып алғандар да жетерлік. Бәріне себеп – салғырттық. Адамның өзі құжат жасатуға ұмтылмайды. Немесе бастайды да, соңына жеткізбей, тастай салады. Кейбірі «ақшам жоқ» деген сылтау айтады. Ондай адамдарға қолданатын шара біздің қолымызда жоқ. Мәжбүрлеп әкелуге негіз жоқ. Кеңес береміз, жол сілтейміз. Азаматты жеке басына қатысты анықтамаларды жинап әкелуге үгіттейміз. Мұрағат, азаматтық хал актілерін тіркеу органына сұраныстар жолдаймыз. Алдымызға келген әр адамның Қазақстан азаматына тиісті құжат алып, Конституциямен бекітілген барлық құқық-міндеттерінің қорғалуы және орындалуы – біздің қызметтік мүддеміз, - дейді көші-қон қызметі тобының аға инспекторы, полиция капитаны Әділбек Баймұханов.
Ол рас. Жеке куәлігі жоқ азамат мемлекеттік тегін медициналық көмекті пайдаланбайды, ресми түрде жұмысқа орналаспайды, шетелге шықпайды, заңды некеге тұрмайды, заңда белгіленген құқықтары мен мемлекеттік әлеуметтік көмектерді иеленбейді. Тіпті баласына туу туралы куәлігін рәсімдей алмайды. Міне, бала дүниеге келсімен басталуы тиіс құжаттау шарасына «ұзын арқан, кең тұсау» қараудың салдары осындай болады.
Ауданда 40 мыңдай тұрғын бар. Соның ішінде құжатсыз жүргендер қанша адам? Белгісіз. Жеке басты куәландыратын құжат алу - әр адамның өз ісі. Осы орайда ҚР «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңында «Қазақстан Республикасының жеке басты куәландыратын құжаттар туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеліп соқтырады» делінген. Осыны есте ұстаңыз.
Құжатсыздық қараңғы жерде жарықсыз жүргенмен тең. Алдыңнан кездескеннің барлығы кедергі келтіреді. Жарықты жағу қиын емес. Тек, құнт керек. Өзіңіз үшін, бала-шағаңыз үшін құжатқа құнтты болыңыз.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz