Бір тудың астына тағдыр тоғыстырған, көп ұлтты Қазақстанның дәстүрін дәріптеп, тарихын құрметтеп, қонақжайлығы мен мәрттігіне алғысымыз шексіз. Қазақ халқы қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған ашаршылық, соғыс секілді азапты күндерді көрді. Соған қарамастан тілі басқа, діні бөлек, басына қара бұлт үйірілген сан ұлтқа пана бола білді. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтерді. Бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды десек, артық айтқандығымыз емес.

Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап келіп, осынау дархан даладан пана тапқан өзге ұлттардың қазақ халқына ризашылығы өлшеусіз. Өйткені олар қазақтан жылу, сүйеніш тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз Отаны деп санайды. Жергілікті халықтың тілін, дінін, ділін, дәстүрін сыйлайды. Өзім де шаңырақ үлкендерінің қазақ ұлтына деген алғаусыз алғысын естіп өстім. Содан болар, тілін де меңгеріп, бүгінгі таңда тәп-тәуір қазақша сөйлей аламын. Бұл – менің қазаққа деген құрметім, Қазақстанды Отаным деп қабылдауымның дәлелі.
Қазақ – кеңпейіл, ер мінезді халық. Түптеп келгенде, бұл – ұлттық кодымызды сақтап қалуға жасалған қадамның алғы шарттарының бірі. Алғыс айту күнінің де басты міндеті осы. Бұл датаның қазақ халқына алғыс айтумен қатар, баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға, қала берді, барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық.
Александра Чувилева,
Богданов ауылы,
Теректі ауданы