2.02.2022, 15:50
Оқылды: 117

Қазақстанға тұрақты фельдшер керек

Сырым ауданы және ауыл әкімдерінің есеп беру кездесуі Талдыбұлақ ауылдық округіне қарасты Қазақстан елді мекенінде өтті. 

IMG_20220202_152134

Ауылдық округ әкімі Даниял Танзенов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндады.

Мал басын арттыру, малды тұқымдық түрлендіру арқылы асыл тұқымды мал басын көбейту мақсатында округте 2 ауылдық тұтыну кооперативі жұмыс жасап келеді.

Қазақстан ауылының тұрғыны Таңшолпан Буршиева мемлекеттік грант арқылы  жүн түтетін аппарат сатып алып, кәсібін жүргізуде. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы төленген 21 млн. 061 мың теңгелік субсидияға ауылдық округ бойынша 2 кооператив, 9 шаруа қожалығы қол жеткізді.

Ауыл мектептері пән мұғалімдеріне зәру. Мектепке химия, алғашқы әскері дайындық, география, математика пәндерінің мұғалімдері қажет. Өткен 2020-2021 оқу жылынан бастап, химия пәнінен, 2021-2022 оқу жылында алғашқы әскери дайындық пәнінен жас мамандар жұмысқа келді.

Қазақстан бастауыш 2 мектебі 2021-2022  оқу жылын 8 оқушымен бастады. Шағын орталықта 8 бала тәрбиеленуде. Биылғы оқу жылында 1 жас маман тартылды. Материалдық-техникалық жағдайы 2 интерактивті тақтамен, 3 ноубукпен қамтылған. Мектепте 4 мұғалім, 1 тәрбиеші, 7 кіші қызметкер, бу қазандығына жауапты 3 оператор қызмет етеді.

IMG_20220202_152107

Қазақстан ауылы бойынша өткен жылғы есептік кездесуде Қазақстан бастауыш мектебі маңына электр бағаналарын, жарықшамдар қою, қауіпсіздік мақсатында Қазақстан ауыл ішіндегі электр трансформаторын қоршау, көше жарықшамдарын орнату, санын көбейту, Қазақстан медпунктіне тұрақты қызмет атқаратын фельдшер мәселесі көтерілген болса, бүгінде бұл мәселелердің барлығы шешімін тапты.

Елді мекен бойынша алда тұрған міндеттер қатарында елді жайлаған індетке қарамастан, тұрғындардың жұмыс орындарын сақтап қалу, ауылдағы жарықсыз көшелерге толығымен жаңа кабель тартып, жарықшамдар қою, қауіптілігі жоғары барлық трансформаторларды қоршау, Қазақстан медпунктіне тұрақты қызметке фельдшерді жұмысқа тарту жұмыстары тұр.

Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев ауданның толайым табыстары мен атқарылған істер және биыл қолға алынатын жұмыстар туралы қазақстандықтарға баяндады.

Есептік баяндамадан соң, ауыл тұрғындары әкімдердің есебін оң бағалап, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Асхат Стаев қыс мезгілінде Қазақстан-Талдыбұлақ арасындағы 18 км жолды қар басып, қатынас болмауы себепті, негізгі қатынас жолы Қазақстан-Қарағанды (Киров ауылы 9 км) арасындағы грейдерлі  жолды қардан уақытылы тазалар тұру керектігін айтты. Бұл мәселе бойынша ауыл тұрғыны «Жарқын Құрылыс» ЖШС директоры Тимур Мырзагереев техникасы бар ауыл тұрғыны Марат Бахтияровпен қар аршып тұруы үшін келісімге келді.

Ғалимат Ермұқанов Қазақстан медпунктіне тұрақты қызметке фельдшер мәселесін шешіп беруді сұрады. Тұрақты маман мәселесі шешілгенге дейін аудандық орталық ауруханадан медицина мамандары Қазақстанға  қыс мезгілінде айлап іссапарға жіберіліп тұратын болады. Нұрмұхамет Айтқұлов ауыл ішіндегі жарықшамдарды ауыстыру, тұрақты электрик керектігі жөнінде мәселе көтерді. Аудан әкімі жұмыссыз ауыл жастарын электрик мамандығына оқытып, тұрақты маман табу қажеттігін айтты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы 

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале