Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы жылды қорытындылады. Онлайн режимде ұйымдастырылған «Жыл қорытындысы - 2020» шарасында өңір кітапханашыларының биыл атқарған жұмыстары сараланып, келер жылдың жоспары жасақталды. Сондай-ақ үздік кітапханашылар марапатталды.
Марапат алғандар ішінде үш бірдей бәйтеректік кітапханашы бар. Көп жылдан бері аталмыш салада талмай еңбек етіп келе жатқан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Қалиқызы мен Зеленов моделді ауыл кітапханасының меңгерушісі Елена Михайловна ҚР Ұлттық кітапханасы, Қазақстандық Кітапханалық Одақтың атынан «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар аудан кітапханасының әдістемелік бөлім меңгерушісі Ақгүл Жұмабекқызы «Үздік әдіскер - 2020» аталымында үздік деп танылды.
- Көп жылдан бері кітапхана саласында еңбек етіп келемін. Осы марапат тек менің ғана емес, барша ұжымымыздың жетістігі. Жаңа форматта жұмыс жасауға көшкен орталықтандырылған кітапханалар жүйесі алдағы уақытта оқырмандар санын арттыратын болады, - дейді марапат иесі Ж.Қалиқызы.
Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz