7.04.2025, 11:15
Оқылды: 161

Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі Марат Қадыровтың 85 жасын сырымдықтар кеңінен тойлады

Қазақстанның Халық ағарту ісінің үздігі, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, Сырым ауданының Құрметті азаматы, Марат Қадыровтың 85 жасын сырымдықтар кеңінен тойлады.

шамшыраққа арналған шаңырақ 2

Іс-шараға Марат Қадыровтың өзі бастап, қызы Шолпан Қадырова, тума-туыстары, жиендері, достары Мереке-Дәмелі Ахметовтар, бірге қызметтес болып, ауданды басқарған әріптестері – ел ағалары қатысты.

Қатысушы қонақтар алдымен Жымпитыға ауылға кіре берістен бауырсақ пен ақ дәммен, ауылдың алты ауызымен және ыстық құшақпен қарсы алынды. Сырым ауданының су жаңа орынбасары Серік Тоқмамбетов оларға қош келдіңіздер айтып, Сырым топырағының төрін ұсынды.

Аппақ ниет пен ақ жарқын көңілге бөленген қонақтар Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейіне ат басын тіреді. Мұнда сырымдықтар үшін білім мен тағылымның шамшырағы саналатын ұстаз Марат Қадыров атындағы оқу-ағарту залы ашылды. Қонақтарды сырымдықтар қол соғып, құрметтеп күтіп алды. Музей меңгерушісі Айнагүл Ойшыбай жәдігерлер үйінің тыныс-тіршілігімен таныстырды. М.Қадыров атындағы оқу-ағарту залын ашу рәсімі Марат Сақыпұлы мен Мереке Ахметовке ұсынылды. Лента қиылғаннан кейін қазақы дәстүрмен шашу шашылды.

Жап-жаңа жиһаздың иісі де кетіп үлгермеген оқу залының дизайны, безендірілуі көптің көңілінен шықты. Айнагүл Мағауияқызының айтуынша, мұнда Марат Қадыровтың костюмі, шапаны, қолтаңбалары, құжаттары, 30-даған фотосуреттері қойылды. Мерейтой иесі зал ашылар бір күн алдын өзінің жеке қорынан 124 кітап тапсырды. Оның ішінде 100-і оқыған кітаптары болса, 24 кітапты 167 мың теңгеге сатып алып берді. Бұл залдың есігі оқырмандары үшін күнделікті ашық. Елдің бәрі телефонға телмірген күнде заманауи оқу-ағарту залына келіп, миды әлеуметтік желіден тынықтырып, кітап оқуға болады.

Шамшыраққа арналған шаңырақ

Шарада Марат Қадыровтың жолын қуған шәкірті, жосалылық ардагер ұстаз Сәнипа Сұлтангереева «Мен сізді өмірдің қиыны мен қуанышына бірдей қараған қаны текті адам ретінде сипаттаймын. Өмірдің ағымына қарсы тұра білген, сынбаған аққайыңға теңеймін. Тамырын тереңге жайған қарағашсыз. Қаншама шәкірт тәрбиелеп, соларды рухтандырып, өмірге қадам бастырдыңыз. Сынақтарға емендей қасқайып, осы тұлғаңызды, осы қалпыңызды сақтап келетін азамат ретінде бағалаймын. Жас ұрпаққа нұрыңыз бен өнегеңізді шашып жүре беріңіз»,- шын жүректен шыққан лебізін тебіреніп тұрып жеткізді.

Марат Сақыпұлының қызы, өңірдің, республиканың білім саласын дамытуға еңбегі сіңген, Астана қаласындағы «Бином» мектебінің директоры Шолпан Қадырова Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбайға алғысын білдіріп, қамзол кигізді.

Оқу-ағарту залының ашылуының соңында Марат Қадыров жазба кітапшасына естелік қолтаңба қалдырды. Жиылғандарға:

— Ақыл-ойды асырып,

Ата салтын сақтаңдар.

Дұрыс сөзге тоқтаңдар,

Өкпе-назды тастаңдар.

Мына тұрған халықты

Ынтымаққа, достыққа,

Жақсылыққа бастаңдар.

Айналайын, ел-жұртым,

Орындалсын арманың,

Жайқала берсін орманың,- деп бата берді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале