Абай атамыз «Қазақтың міні – мал ұрлығы» деумен өтті. Бүгінде мал ұрлығымен күресте атқарылып жатқан шаралар тіркелген қылмыс санын тежей алмай отыр. Керісінше, қоғамда «жазаланбай, жалпағынан басып жүре беруге болады» деген ұғымның қалыптасуына және мал ұрлаумен айналысатын адам санының көбеюіне ықпал етуде. Баршаңызға белгілі, қараша айының соңы күн салқындап, ауа райы өз «мінезін» көрсете бастады. Қарашаның қара суығы мал баққан ағайынның қысқа дайындығын күшейте түсті. Өйткені барлық ауылдар да, елді мекендер де мал жайлаудан түскеннен кейін қораға байланғанша далада жүреді. Тұрғындар малының қолды болатын кезі де осы шақ.
Бұндай жағдайлардың қоғамымызда белең алуына бірнеше факторлар әсерін тигізеді. Әрине, Казталов ауданында мал ұрлығымен күресте бірқатар іс-шаралар жүргізілуде. Дегенмен мал ұрлығының алдын алу бағытындағы атқарылатын шаралар мардымсыз. Сонымен қатар мал санын есепке алудағы немқұрайлылықты да осы қатарға қосуға болады. Жасыратыны жоқ, мал санын есепке алу, есептен шығару жұмыстары ауданның әр шаруа қожалығына барып, тексеру жүргізілмей-ақ «жұмыс бітірумен» жүзеге асады.
Бірақ біз қоғам болып осы қылмыстардың азаюына тоқтау сала алмай келеміз. Себебі бүгінде ауданымызда мал ұрлығы қылмыстарының саны көбеймесе, азаймай отыр.
Қазақ даналығында «Ұрлық – түбі қорлық» деген сөз бар. Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, оңай әрі мол олжаға батамын деп ұрлыққа барғандар қанша іздерін суытып, жасырынып баққанымен, құқық қорғау органдарынан ешқайда қашып құтыла алмасы анық. Міне, бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналып отырған мал ұрлығына қатысты біраз мән-жәйларды анықтап, көкейде жүрген сұрақтарға жауап алу мақсатында біз аудандық полиция бөлімі басшысының м.у.а, полиция майоры Мәрлен Қарабаевты сөзге тартқан болатынбыз.
- Казталов ауданы бойынша жыл басынан бері мал ұрлығының 15 фактісі тіркелсе, оның 8-і ашылып, 5 қылмыстық іс сотқа жолданған. Өткен жылға қарағанда тіркелу 53,6 пайызға азайып отыр. Мал ұрлығының көбісі дала жайылымында орын алған. Қылмыстың алдын алуда кедергі келтіретін мәселелердың бастысы - мал иелерінің малдарын өз күштерімен іздеп, таппаған соң біраз уақыт өткізіп барып полицияға жүгінуі. Бірақ ауылдық округтердегі учаскелік инспекторлармен аптасына 3-4 рейдтер жүргізіліп тұрады. Әлбетте, мал ұрлығының 95 пайызы далада болады. Осыған байланысты ауыл тұрғындарына ауладағы, жайылымдағы малын қараусыз қалдырмауы керектігін ескертеміз. Мал ұрлығының тыйылмауының ең басты себебі - округтерде мал бағымын ұйымдастыру жұмыстарының нашар жүруі. Кейбір елді мекендерде мал бағылмайды десе де болады. Әрине, қараусыз жүрген малға екі аяқты да, төр аяқты да қызығатыны сөзсіз. Осы мәселені тұрғындар назарына алса екен. Сондай-ақ тұрғындар малдары жоғалғаны туралы кеш хабарласады. Бір айдан соң келіп шағымданатындары да бар. Мұндай жағдайда мал ұрлығының ізін суытпай іздестіру мүмкін болмай жатады, -деді өз сөзінде.
Сәбит Меңдіқұлов (аты-жөні өзгертілді), Казталов ауылының тұрғыны:
- Былтыр бір бас сиырым өрістен үйге келмей қалды. Ізін суытпай бақташыға да, полицияға да хабарластым. Бірлесіп іздеп көрдік, бірақ таба алмадық. Сол кезде байқағаным, біздің Қазталов та және басқа да елді мекендерде мал бағатын бақташылардың немқұрайлылығы. Олай дейтін себебім, таңертең малды өріске айдап апарып тастағаннан кейін күн ұзағына малдың қасында болмайды, тек кешкісін ауылға айдап қайтады. Сенбесеңіз, күндіз мал бағылатын жерге барып көріңіз. Бақташыны таба алмайсыз. Бұл бақташының өз жұмысына деген жауапкершілігінің жоқтығы деп ойлаймын.
P.S. Мал ұрлығымен күресу барысында жалғыз құқық қорғау органдарының жұмысы жеткіліксіз. Төрт түліктің, негізінен, жайылымдарда жоғалатынын ескерсек, ауыл халқының малға күзетті күшейткені абзал. Мал бағуды жауапты, сенімді адамға тапсыру керек. Тұрғындар өз малының қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауын тоқтатпайынша, құқық қорғау органдарының қылмыскерлермен күресі оң нәтижесін бере қоюы екіталай…
Әсем Болат,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz