26.03.2020, 15:43
Оқылды: 60

Қазақы дәстүрмен ұзатылған Виктория

Біздің кейіпкеріміз Виктория Қонашева Егіндібұлақ ауылында дүниеге келіп, алғаш мектеп табалдырығын аттайды. Орыс сыныбында білім алған бойжеткен жоғары оқу орнында да орыс тілінде оқиды.

6702CFC1-7EFD-4FB7-B32F-98299153B6DF

Бүгінде қазақ отбасына келін болған Виктория Андрейқызы тек өз ана тілін ғана емес, қазақ және ағылшын тілдерін еркін меңгерген. Біздің тілімізді меңгеруіне себеп болған оның құрбылары екен. Өйткені Викторияның достарының көбісі қазақтар еді.

- Мен жарым Нұрсұлтанмен 2016 жылы аудандық әкімдікте «Жастар тәжірибесінен» өтуге келген кезде таныстым. Ол әкімдіктің ұйымдастыру бөлімінде жұмыс жасайды. Әлі есімде алғаш  келгенде қасымдағы кейбір мамандар «Ол қазақ тілін түсінбейді ғой» деп мемлекеттік тілде сөйлеген. Сол кезде сөз орайы маған тигенде қазақша сөйлеп едім. Бәрі маған таңырқай қарап, бір күлісіп алды. Мұндай жағдай Нұрсұлтанның достарының туған күніне апарған кезде де болды. «Сенің атың Вика ма?» деп сұрап жатты. Сондай-ақ өз әлдерінше орысша сөйледі. Жолдасым екеуміз біразға дейін үнсіз отырып, кейін сұрақтарына қазақша жауап бергенімде таңырқай қараған, - дейді Виктория.

- Иә, ондай қызықты оқиға болған. Достарым менің болашақ жарымның өзге ұлт өкілі екенінен хабардар болатын. Сол кешке Викторияны ертіп апарып, ол ішке еніп кеткен. Бір мезетте жанымдағы достарым маған «сенің қызың қашан келеді?» деді. Мен «Жаңа ғана кіріп кетті ғой» дедім. Сөйтсем, олар орыс дегенге сары шашты, көзі көк қызды көреміз деп ойлаған ғой, - дейді Нұрсұлтан Қонашев.

A153CDA4-A481-46E9-85D0-34091BA02310

Шынын айту керек, біз де алғаш бұл туралы естігенде көз алдымызға сары шашты, көгілдір көзді қызды елестеткен болатынбыз. Сөйтсек, қара шашты, қой көзді келіншекті көріп, іштей «Қазақ қызы секілді екен» деген ойда қалдық.

- Мен интернационалды отбасында туып-өстім. Өйткені әкем орыс, нағашы әжем украин, нағашы атам татар, әжемнің әкесі өзбек ұлтының өкілі. Ал менің қазақ азаматына тұрмысқа шығатынымды естіген олар еш таңырқай да, ренжи де қойған жоқ. Алғаш Нұрсұлтанды таныстыруға апарған кезде де ата-анам жатсынбады. Керісінше, болашақ жарым біздің үйдің бір мүшесі секілді сезілді. Тіпті біздің жақтағы құда түсу мен қыз ұзату дәстүрі қазақы салтпен өткізілді. Мен бұл жаққа келгенде де ата салтымен беташар айтылды. Жалпы маған қазақ дәстүрі өте ұнайды. Қазір табақ тарту, бауырсақ пісіруді үйреніп алдым. Қазақтың бұл тағамдарын өзім туып-өскен отбасымда да жасайтын едік. Мұнда келіп тіптен жетілдіре түскендеймін. Мәселен, біздің отбасымызда бауырсақты басқаша пісірсе, мұнда өзгеше пісіреді екен, - дейді Виктория.

Викторияның әкесі Андрей де қазақ тілін еркін меңгерген жан. Оны Виканың әкесімен телефон арқылы байланысқа шыққанда байқадық. Викторияның айтуынша, анасы мемлекеттік тілді еркін меңгермегенімен аз да болса сөйлеп, түсінеді екен.

- Қызым алғаш қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын дегенде бізде ешқандай таңданыс болмады. Той жасайтын кезде кейбіреулер тойды бұлай жасау керек, олай жасау керек дегенді айтты. Сол кезде бір байламға келіп, тойды қазақ дәстүрімен жасағанды жөн көрдім. Өйткені мен қазақ топырағында дүниеге келіп, қазақ халқымен етене өстім. Оның үстіне Қазақстанда тұратындықтан, қызым қазақ отбасына баратын болғандықтан ақылдаса келе тойды қазақша өткізуді ұйғардық, - дейді Андрей Винальевич.

Виктория тәрбиелі, үлгілі қазақ отбасына келін болып түскеніне дән риза. Тіпті ол: "Бала кезден өзімді қазақ ұлтының өкіліндей сезініп, болашақта қазақ азаматына тұрмысқа шығатынымды сезінгендей болдым. Ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмаймын", - дейді.

- Нұрсұлтанның үйленетінін естіп, «келіндеріңіз орыс ұлтының өкілі» деген кезде, шыны керек, сары қыз көз алдыма қылаң берді. Оған қоса, Қаратөбе топырағында өскен мен орысша қалай сөйлесемін деп қобалжып жүрдім. Таныстыратын сәт жақындаған сайын тыпырши бердім. Оның үстіне балам біртоға, көп үндемейтін жан ғой. Болашақ келініміздің қазақшаға судай екенін айтқан жоқ. Сөйтіп, таныстыруға әкелген кезде болашақ келінім қазақша сөйлегенде бұрынғы үрейім ыдырап сала берді. Тәрбиелі, инабатты жан екенін байқадым. Үлкен ұлымнан соң алты айдан кейін екінші ұлым Мәди де шаңырақ көтерді, - дейді Викторияның енесі Жеңісгүл Қалиқызы.

Қазақта «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады» деген жақсы тәмсіл бар. Әлібек аға мен Жеңісгүл апамыз екінші ұлдарын үйлендіріп жатқанда, бұларға «Немерелі болдыңыз» деген сүйінші хабар жетеді. Қазір олардың Әмір есімді немерелері бар.

- Виктория екінші келінім түскенге дейін көп сөйлемейтін. Екінші келінім келгеннен бастап екеуі бір-біріне бауыр басып, апалы-сіңлілі бір үйдің қыздарындай боп кетті, - дейді Жеңісгүл апа.

- Өткен жазда зайыбым мен келіндерімді және немеремді алып Қаратөбеге, одан әрі туып-өскен жер Ақтайсай ауылдық округіне қарасты Алакөл ауылына апарып, екі-үш күндей қонақ болып келдік. Ол кезде ұлдарым жұмыста болып бара алмады. Сол барғанда ата-анамыздың бейітіне соғып, Құран бағыштадық. Сол сапар Викторияға қатты ұнаса керек. Жалпы, келінім әр аптаның жұма күндері шелпек пісіруді дағдыға айналдырды, - дейді Әлібек Қонашұлы.

Викторияға Қаратөбеге барған сапар ұнаса керек-ті.

- Маған Қаратөбе тұрғындарының қонақжайлығы мен қазақи болмысы ұнады. Екі-үш күн болғанның өзі көңілді көтеріп тастады. Ет жеп, емін-еркін қыдырдық. Жалпы өзім қазақ отбасына келін болып түскеніме ризамын, - дейді Виктория.

Бүгінде Нұрсұлтан мен Виктория Әмір есімді ұл өсіріп отырған, өзгелерге үлгі боларлық бақытты отбасылардың бірі. Айтпақшы, өмірге келген сәбиді қырқынан шығару, бесікке салу да қазақтың жөн-жоралғысына сай өткізілді. Қазір Нұрсұлтан аудан әкімдігінде қызметте, Виктория М.Өтемісов атындағы БҚМУ-ды референт мамандығы бойынша бітірген, декреттік демалыста.

 P.S:Жоғарыда Андрейдің қызын қазақы дәстүрмен ұзатқанын атап өттік. Сол кездегі тағы бір естелікке тоқталмай өтпеуді жөн көрмедік. Андрей мен Юлияның отбасына құда түсуге Нұрсұлтанның нағашысы Айбар Жаңабаев, тағы да басқа жандар барған. Құдалық қызып, бәрі бабына келген сәтте құда боп барған делегаттардың құлағына:

«Сүрінбе қызым, құлама, қызым.

Күлімде мәңгі, жылама, қызым!

Әкеңдей қамқор болар-ау деумен

Тапсырдым сені құдама, қызым»  деп әндеткен ер адамның дауысы келеді. Барша мейман әлгі дауыс шыққан жаққа қараса, қызын қимай қазақша әндетіп тұрған Андрей екен.

 Нұрлыбек Мұхамбетияров

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале