12.07.2022, 19:02
Оқылды: 321

Қажымовтың авторлық кеші

Бүгін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор, «Құрмет» орденінің иегері Донеділ Қажымов Бөкей еліне келіп, әннен шашу шашып, домбырамен, қоңыр даусымен өнерсүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Ол аудан орталығы – Сайқын ауылының сахнасында «Ақжайық, елге келсем, сен деп келем!» атты 70 жылдығына арналған авторлық кешін өткізді.

5A7B8DDF-5D93-49B5-88A8-FF8ECC35FF01

Композитор Қажымов әндерінің жазылу тарихына тоқталып өтті. Мәселенки, белгілі ақын Қадыр Мырза Әлидің өзі жолдаған өлеңдерінің ішінен «Ата» және «Бажа»  атты философиялық мағынасы терең өлеңдеріне сазды жарты күнде жазғанын айта келе, «Ата» әнін шырқады. Сонымен қатар қоржынында 12 жыл жатып, әбден «сүрленіп» барып, сазын тапқан «Алдымнан қалқам кезіктің» туындысын да әуелетті. Бұл әннің сөзін айтыскер ақын, дәстүрлі әнші Хатимолла Бердіғалиев жазған екен. «Әкемнің ажалы Ақ Жайықтан болса да, перзенттік парызым деп ән арнадым» деген Донеділ ағамыз жыр – Жайық, ән – Жайыққа он шақты туындысын арнапты. Солардың бірқатары осы кеште шырқалды. Автордың өзі айтпақшы, бұл сазды кеште әнші-композитордың көп шырқала бермейтін шығармалары паш етілді. Солардың бірі Ұлдай Сариеваның сөзіне жазылған «Жауап бер, уақыт!» туындысы. Бұл шығарма негізінен айтулы ақын, репрессияның құрбаны болған Сәкен Сейфуллиннің ғұмырына, сонымен қатар сол зұлмат жылдары жазықсыз жазаланған, өмірлері қиылған әр қазақтың жоғын жоқтаған зарлы ән.

3802A3ED-A72B-421D-917B-0EA2303C1BD4

Донеділ Қажымовтың кешінде ауыл өнерпаздары Миллат Насыров, Махамбет Қалыбаев, Гүлжанар Айтмағамбетова, Құрмет Мусин, Рауан Қажығалиевтер де атсалысып, сазгер әндерін дуэт және жеке орындап, кеш көркін келтірді. Концерт кезінде техникалық ақау орын алғанмен майталман маман әнін акапелламен жалғастырып, халық та оның әнін қосыла шырқап әнші көрермен көңіліне жол тапты. Кеш барысында автордың Сағынғали Сейітовтың сөзіне жазылған «Ақжайық, елге келсем, сен деп келем!», Жолбарыс Баязитовтың «Ауылым алтын бесігім», Закария Сисенғалиевтің өлеңіне жазылған «Ақжайық – ару мекенім» және «Мендегі көңіл күйді сұрамаңдар», Болатқали Төлебаевтің «Алтынай», Абдул Рахметовтың «Өзіңмен ғана билеймін», Қадыр Мырза Әлидің «Оралым – әнім сенсің шалқыған!» әндерін Донеділ Ізмағамбетұлы өзі жанды дауыста шырқады.

Кеш соңында аудан әкімі Нұрлыбек Даумов өнер адамы, сонымен қатар «Қадыр Мырза Әли» халықаралық қоғамдық қорының директоры, жақында жерлес ақынның есімін Орал қаласындағы №47 мектепке беруге қол жеткізген азамат Донеділ мырзаны мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін білдіріп, аудан жұртшылығы атынан алғысхат пен естелікке ауданның энциклопедиясын сыйға тартты.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале