28.03.2024, 12:30
Оқылды: 51

«Қазір жағдай қалыпты, эвакуациялық бекеттеріміз дайын»

 

Ауа температурасының күрт жылынып, қардың жылдам еруіне байланысты 26 наурызда Бәйтерек ауданы Белес ауылдық округінде де күрделі жағдай қалыптасты. Кейбір жеке тұрғын үйлердің ауласын су басты. Абырой болғанда баспана ішіне су кірген жоқ. Бұған қоса автожолдың үстінен еріген қар суы өтті. Сондай-ақ Дөркөл өзенінде су деңгейінің көтерілгені байқалды.

IMG-20240328-WA0039

- Бізде көктемгі су тасқына дайындықты ерте басталды. Мысалы былтыр Белес орта мектебі мағынан су өтетін жаңа су өткізгіш құбыр салынды. Сөйтіп ол жердегі құбыр саны төртке жетті. Достық көшесінде шағын арық қазылды. Күн жылынбас бұрын көшедегі қарларды жинап, мектептің артқы жағындағы су жүретін жол бойына үйдік. Кеше ауылға су кірген кезде бұлардың пайдасы көп болды. Сондай-ақ былтыр жазда округымызға қарасты Ақжол ауылында Тәуелсіздік көшесіндегі су жиналатын жерлерді биіктеттік. Жалпы бұл ауылдың маңына бес тоннадай құм түсіріп, оның бір бөлігі 800 қапқа салып дайындап қойылды. Жалпы Ақжолға қауіп төнген жоқ, - деді Белес ауылдық округінің әкімі Бақытгүл Жүнісова.

Айта кетейік, Белеске қауіп төндірген Орал - Саратов тас жолының бойындағы қар суы. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл су негізінен жыл сайын ауылдан қозыкөш жерде орналасқан ГТЭС маңындағы су өткізгіш құбырлар арқылы өтіп, Деркөл өзеніне құятын. Биыл күннің күрт жылынуынан, әрі жаңбырдың әсерінен су мөлшері артып, ағыстың жылдамдығы күшейіп судың бір бөлігі Белеске қарай бағытын бұрған. Содан ауыл шетіндегі үйлерді су басу қауіп төнген.

IMG-20240328-WA0040

Соған орай ауылдық округ әкімдігіне Абай Құнанбаев көшесіндегі №40 үй тұрғынынан осы бағытта өтініш түскен. Ауыл әкімінің сөзінше, сол бойда ол үйдің маңына екі мотопомпа апарылып, су айдау жұмысы жүргізілді. Аудан орталығынан өрт гидранты келді.

«Ауылдағы М. Өтемісов көшесіндегі бірқатар үйге су кірмеуі үшін жолдың екі-үш бөлігін фрезамен жыруға тура келді. Одан бөлек ПДП деп аталатын жаңадан салынып жатқан үйлер аумағындағы су ассенизаторлармен сорылды. Сөйтіп қауіп сейілгенге дейін, яғни түнгі сағат 2-ге дейін жүрдік, - дейді Бақытгүл Батырбекқызы.

IMG-20240328-WA0041

- Қазір жағдай қалыпты. Енді ауылымызыдың маңындағы Деркөл өзенінің деңгейі біртіндеп көтерілуде. 26-27 наурыз күндері, яғни бір тәуліктің ішінде 1 метрге жуық жоғарлады. 27-28 күндері 10 см биіктеген. Бұл енді дабыл қағатын жағдай емес. Дегенмен де сақтықтық шараларын жүзеге асырдық. Бүгінде эвакуациялық бекеттеріміз дайын. Малға қауіпсіз жердер де әзірленді. Азық-түлікпен қамту, тасымалдау бойынша да келісімшарттар жасалды. Басқа да қажетті жұмыс жүргізіліп жатыр Ендігі біздің тілегіміз Деркөл өзені суының мөлшерден тыс көтерілмеуінде, - дейід ауыл әкімі.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале