13.09.2023, 19:31
Оқылды: 58

Казталов ауданы: Ағымдағы жөндеудегі интернат уақытында тапсырыла ма?

Казталов ауданына қарасты Көктерек ауылдық округінің орталығында мектеп жанындағы интернатта ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілуде.

20230911131255_IMG_7066 (1)

1972 жылы салынған ғимарат 2015 жылы күрделі жөндеуден өткен. Әйтсе де 67 млн 115 мың теңге қаржыға жасалған жөндеу жұмысы уақыт өткен сайын сапасыз жүргізілгенін аңғартты. Терезеден жел кіріп, көмірдің қызуы да интернатты жылытуға шамасы келмеген.

Енді интернаттағы ахуал оңалмақ. Бейімделген ғимараттың қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмысына жауапты  – жаңаөзендік «Мұхтаров» жеке кәсіпкерлігі.

20230911131022_IMG_7063

11 қыркүйек күні «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Сәкен Ищановпен бірге 25 млн 505, 099 мың теңге қаражат бөлінген инетрнаттың ағымдағы жөндеу жұмысымен таныстық. Жұмысы қарқынды. Мердігер компания өкілі, бас бригадир Арслан Искендеров жұмысты белгіленген мерзімде аяқтайтындығын атап өтті.

- Ғимаратта 10-ға жуық жұмысшы қызмет атқаруда. Қазіргі таңда қабырғаларды қалпына келтіру, жылыту жүйесін қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, ішкі әрлеу және электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде. Нысанды өз уақытында тапсырамыз деген сенімдеміз, - деді ол.

Көктеректегі интернат мәселесіне ауылдан сайланған депутат Серікбол Қадемов те бей-жай қарамай, аудандық мәслихат отырыстарында, әлеуметтік желіде көтеріп, депутаттық сауал да жолдағаны бар. Жуырда ғана интернатқа бас сұққан халық қалаулысы мәселенің оң шешімін тапқанына және мердігердің жұмысына риза екендігін жеткізді.

- Білім күніне орай ауыл-аймаққа іссапармен бардым. Көктерек ауылындағы мектеп жанындағы интернаттың ағымдағы жөндеу жұмыстарымен таныстым. Жыл басында сессиялардың бірінде осы интернаттың балалар үшін салқын екенін, бұл кезек күттірмейтін мәселе екенін ескертіп аудан басшылығы мен облыстық білім басқармасына жеткізген болатынмын. Осы мәселені дер кезінде назарға алған басшыларға алғысым шексіз. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының қарқыны қазіргі таңда жаман емес, - деді депутат.

20230911130351_IMG_7059

Интернаттың ағымдағы жөндеу жұмысы алдыңғы күрделі жөндеудің күйін кешпесе игі. Көктерек ауылдық округінің әкімі Бақытжан Сатқанұлы да жөндеу жұмысын бақылауда ұстап отырғандығын ескертті. Жұмыстың қарқынын ескерсек, жуырда интернаттың 26 тәрбиеленушісі екінші үйлеріне қайта оралмақ. Олар әзірге мектепті паналап, білім алуда.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале