9.01.2026, 0:00
Оқылды: 22

Казталов ауданы әкімі білікті дәрігерге құрмет көрсетті

Бүгін аудан әкімі Асланбек Сарқұлов Казталов аудандық ауруханасының онколог-маммолог дәрігері Ботагөз Ғұмарованы зейнеткерлік жасқа толуына орай қабылдады. Кездесу барысында аудан әкімі білікті дәрігердің ауданның медицина саласын дамытуға қосқан сүбелі үлесін ерекше атап өтіп, ұзақ жылғы адал еңбегі үшін ризашылығын білдірді.

FB_IMG_1767896719922

— Сізді зейнеткерлік жасқа толуыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Адам өмірі мен саулығын сақтау жолында аянбай еңбек ету – үлкен кәсібилікті, жанашырлықты және жоғары адамгершілікті талап етеді. Осындай абыройлы мамандықты саналы ғұмырыңыздың мәніне айналдырып, халық денсаулығы үшін аянбай қызмет етіп келе жатқаныңыз – зор құрметке лайық. Сіз ұзақ жылдар бойы ауданымыздың медицина саласында түрлі жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, білікті дәрігер, тәжірибелі басшы ретінде танылдыңыз. Сізге ауданымыздың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіруге, медициналық қызмет сапасын арттыруға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға қосқан үлесіңіз үшін алғыс білдіремін! Сіздің еңбегіңіз бен кәсіби біліктілігіңіз әріптестеріңізге үлгі, ал халық үшін сенім мен үміттің символы болды, — деді аудан әкімі.

Ботагөз Тлеуғалиқызы еңбек жолын Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының физика кафедрасында лаборант қызметінен бастап, Орал қаласындағы облыстық клиникалық ауруханада интерн ретінде шыңдалды. 1989 жылдан бері күні бүгінге дейін Казталов аудандық ауруханасында үздіксіз еңбек етіп келеді. Осы жылдар аралығында учаскелік дәрігер-терапевт, жасөспірімдер дәрігері, директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары, директордың уақытша міндетін атқарушы, онколог-маммолог дәрігер қызметтерін абыроймен атқарып, аудан медицинасының дамуына зор үлес қосты.

FB_IMG_1767896723037

Қабылдау барысында аудандық мәслихат төрағасы Сарсенбай Молдашев, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Күнсұлу Шаканаева дәрігер туралы естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін жеткізді. Сондай-ақ аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев пен Казталов аудандық ауруханасының директоры Руслан Ахметжанов та ақ халатты абзал жанға жылы лебіздерін білдірді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале