Кеше Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Қараөзен ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, округтегі түйткілді мәселелерді тыңдап, салалық бөлімдер мен мекемелерге тиісті тапсырмалар берді. Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев, бөлім және мекеме басшылары қатысты.
Округ әкімі Нұрхат Болаев жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы уақытқа жоспарларымен бөлісті.
— Ағымдағы жылы округімізде бірқатар жұмыстар атқарылуда. Соның ішінде тұрғындар жиі көтеріп жүрген мәселелер бойынша да жұмыстар жүргізудеміз. Мәселен, Қараөзен ауылындағы мәдениет үйі мен спорт кешені кешені құрылысына ЖСҚ жасақталды. Жас елді мекеніне су таратқыш құрылғы (водораздатчик) қажеттігі жөнінде мәселе көтеріліп, орнына құны 700 мың тг құрайтын, сыйымдылығы 5 т болатын құрылғы алынды. Ағымдағы жылы Қараөзен ауылында 4 тұрғын үй кезектегі азаматтарға пайдалануға берілді. Бұдан бөлек Қараөзен ауылындағы 800 метр асфальт төселмей қалған жерді асфальттау, Құлақ көшесінен оқушылардың мектепке қатынайтын жолын асфальттау және тротуар салуға жеке инвестор есебінен ЖСҚ жасақтау, Серік және Жас елді мекендеріндегі қатты тұрмыстық қалдықтар орнын қоршау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді округ әкімі.
Жиында тұрғындар тарапынан ауылдағы фельдшерлік-акушерлік пунктке қатынасатын көшелерді асфальттау, Жас елді мекеніне қатынайтын жолды көтеру, ауылдық округ әкімі аппаратына жаңа ғимарат салу сынды өзекті мәселелер көтерілді. Серік елді мекенінің тұрғыны Манарбек Наурызғалиев Темірастау қыстағынан бастап Серік көбігіне дейін канал «ҚазСуШар» РМК БҚОФ және Казталов аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің техникалары арқылы тазартылғанын жеткізіп, халық атынан ризашылығын білдірді. Аталған жұмысты «ҚазСуШар» мекемесі (жанар-жағармай шығарылды) және Казталов аудандық коммуналдық шаруашылық мекемесінің техникалары атқарды.
Халықтың үніне құлақ түрген аудан әкімі Асланбек Сарқұлов сұрақтарға жеке-жеке жауап беріп, көтерілген мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жасақтап, жұмыстануды тапсырды. Округте көп жылдан бері шешілмей келген бөбекжайдың мәселесі шешілгенін, ендігі кезекте басым бағыт Қараөзен мектеп-лицейін күрделі жөндеуден өткізу екенін айтып өтті.
Кездесуде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі, аудандық «Мансап» орталығының басшылары салалық бағдарламалар мен жобалар жөнінде түсіндіру жұмысын жүргізді. Ал аудандық мәслихат депутаты Дархан Аябалиев халыққа есеп беріп, ұсыныстарын жеткізсе, учаскелік полиция инспекторы халықты құқықбұзушылықтың және алаяқтықтың алдын алуға шақырды.
Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы