14.07.2025, 18:00
Оқылды: 479

Казталов ауданы: Аудандағы үлгілі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі

Талдыапан ауылдық округінде мал азығын дайындау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мұнда Руслан Кенжеғалиевтің жетекшілігіндегі ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі қысқа қамданып шөп шабу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жексенбі күні аудан әкімі Асланбек Сарқұлов кооперативтің жұмысымен танысып, округте атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады.

FB_IMG_1752488852712

Руслан Кенжеғалиевтің жетекшілігіндегі кооперативте 3 бақташы тұрақты жұмыс атқарса, 3 тракторшы уақытша қызмет етуде. Қазіргі таңда кооператив 600 гектар қоршалған аумақтағы шөпті  шауып, белсенді еңбек етуде. Алдымен ауыл халқын мал азығымен қамтамасыз етуді көздеп отыр. Талдыапан ауылдық округінде жеке шаруа қожалықтармен жүргізілген келісімге сәйкес, аудан басшылығының ұйымдастыруымен өзге ауылдық округтердегі шаруалар да мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізуде. Аудан басшысы шаруаларға алдымен аудан тұрғындарын мал азығымен қамтамасыз ету қажеттігін ескертті. Ал ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің жұмысы өзгелерге үлгі екенін атап өтті.

FB_IMG_1752488844086

Талдыапан ауылдық округінің әкімі Қайырлы Жұмағұлов аудан басшысына округте атқарылған жұмыстарды баяндады.

— Сарықұдықта бағымсыз малды қамауға арналған орын салынды. Талдыапанда мектеп алдындағы ескі, көп қабатты ғимараттар бұзылып, материалдары тиісті жұмыстарға пайдаланылуда. Бейістеректе халықты ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында кешенді блок-модуль орнатылып, қазіргі уақытта қоршау жұмыстары жүруде. Сонымен қатар елді мекен маңындағы канал қазылып, алдағы уақытта «ҚазСуШар» БҚОФ  қолдауымен су айдау жұмыстары жүргізіледі. Ал Қособада көбік қазуды жоспарлап отырмыз. Округте Қайшақұдық және Сарықұдық ауылдарында жаңа тұрғын үйлер салынуда,  - деді округ әкімі.

FB_IMG_1752488840791

Округ әлеуметтік салада да белсенділік танытып келеді. Мәселен, Сарықұдық елді мекені «ішімдіксіз ауыл» атанды. «Қаладан-ауылға» жобасы да аталған округте сәтті жүзеге асырылып, биыл да жалғасын тауып, отбасылар көшіп келмек.

FB_IMG_1752488837972

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы округ әкіміне инвестиция тарту, мал азығын дайындау, тазалық жұмыстарын жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Сондай-ақ жол құрылысының сапасын сынға алып, мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале