Жалпақтал ауылдық округінің әкімі Ғаділбек Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театры жанынан құрылған «Тамаша» ойын-сауық отауы ұжымын қабылдады.
Жалпақтал ауылдық Мәдениет үйінің жанындағы өнер ұжымы Қызылорда облысының Арал қаласында өткен әзіл-сықақ өнер ұжымдарының республикалық «Күлкі думан» байқауында топты жарып, жүлделі І орын иеленген болатын. Осы жетістікті алға тартып арнайы қабылдау өткізген ауыл әкімі туған жерінің атағын аспандатқан өнерпаздарға биік жетістіктері үшін шынайы алғысын білдіріп, ауылдастары атынан алғысхат пен гүл шоқтарын табыс етті.
Кездесу барысында өнер ұжымы болашақта Мұхамбетжан Ғұмаров атындағы Жалпақтал халық театрының 65 жылдығына арналған аймақтық халықтық театрлар фестивалін өткізу мен Жалпақтал Мәдениет үйі жанынан музейге арнап арнайы бұрыш жасақтау туралы өз ойларын ортаға салды.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы