28.01.2024, 9:30
Оқылды: 84

Казталов ауданы: Биатлонда бақ сынады 

Кеше Казталов ауылының Қарасу тоғанында шаңғы биатлонының аудандық жарысы өтті. «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен өткізілген сайысқа ауданның ауылдық округтерінен келген командалар мен спортшылар сынға түсті.

IMG20240127115537

Айта кетуіміз керек, қысқы спорттың бұл түрі Казталов ауданында көп жылдар бойы өткен емес. Бұқаралық спортты дамытуға бағытталған биатлон жарысының өтуіне мұрындық болған «Айбын» спорт клубы, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі мен экология орталығы, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы ұжымының еңбегі бір төбе.

Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған Казталов ауылдық округінің әкімі Ернар Ғалымов қысқы спорттан еліміздің жетістіктеріне тоқталып, жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

IMG20240127120706

Биатлон жарысы тартысты өтті деуге болады. Спортшының жылдамдығы мен мергендігі сыналатын додаға қатысқан нәзік жанды шаңғышылар арасынан суырылып алға шыққан Әсем Ғилым мәре сызығын бірінші болып кесті. Жеке дара жарыстар 30 жасқа дейінгі жастар арасында Аманер Тілепқалидің атқан оқтары да нысанаға дәл тиіп, ол да мәреге бірінші болып жетті. Ал 30 жастан жоғары биатлоншылар арасында Ағжан Қуаныштың бәсі биік болып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте «Алға» бірінші, «Қыран» екінші, «Барыс» командасы жүлделі үшінші орынды еншіледі.

IMG-20240127-WA0003

Жүлделі орын алған спортшыларға медальмен қоса «Айбын» спорт клубы директоры Асхат Нұржановтың атынан алғысхаттар табысталды.

Нұр Рахман, 

Казталов ауданы 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале