Казталов ауданында тұрып жатқан халықты таза ауыз сумен қамту мәселесінің толықтай шешілмеуі күн тәртібінен түскен емес. Округ орталықтары мен ірі елді мекендер таза ауыз су жүйесіне қосылса, шағын ауылдарға су тазартатын кешенді блок модуль орнатылуда. Бұрын өзеннен, жер құдықтарынан су ішіп отырған ауыл тұрғындары тазартылған таза судың пайдасын көруде.
Елді мекендерде орнатылған су тазату құрылғылары да жерасты судың тұздылығы мен өзен суының сапасына сай істен шығып жатады. Бұл мәселені шешу үшін облыстық, аудандық бюджеттен арнайы қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы Талдыапан, Қособа, Қайшақұдық, Сарықұдық ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ететін Ақжайық ауданына қарасты Дөңгелек су қоймасында орналасқан су тазалау жүйесі жөнделді. 2024 жылы облыстық бюджеттен қолдау тауып, осы ауылдарды таза сумен қамтамасыз ету мақсатында жаңа таза су қондырғысы орнатылды. Сағатына 9 текше метр су тазалайтын қондырғы желтоқсан айында пайдалануға берілді. Казталов мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын әрі қарай қондырғының қызметін қамтамасыз етеді.
Тапсырыс беруші — Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, барық жұмыстарды мердігер «Водэкофильтр» ЖШС-і атқарып шықты.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы