13.07.2023, 14:45
Оқылды: 136

Казталов ауданы: Экспедицияның екінші кезеңі өтті

7-9 шілде күндері «Менің кіші Отаным» аудандық тарихи-танымдық экспедициясының екінші кезеңі жүзеге асты. Бостандық, Казталов, Қайыңды, Талдықұдық, Ақпәтер, Талдыапан ауылдық округтерін қамтыған экспедиция барысында ескі ауылдың орындары, ерте темір дәуіріне жататын обалар, ескі қорымдар анықталды.

FB_IMG_1689230760682

7 шілде күні Казталов мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абзал Есенғазиев, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Көшеғалиев, оператор Мейірбек Бисекешов есімді әріптестеріммен бірге Бостандық ауылдық округіне жол тарттық. Мұнда халық аузында жүрген «Айтқұл ата» бейітімен танысып, құлпытастағы жазуды оқып, суретке түсіріп, нақты қорытынды шығару үшін мамандарға жолдадық.

FB_IMG_1689230762888

8 шілде күні археолог, тарих ғылымдарының кандидаты, PhD, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұрат Қалменов, өлкетанушы,  тарих ғылымдарының магистрі, Ресей өлкетанушылар одағының мүшесі, «Қазақстан   Республикасы туризм саласына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгі иегері Айболат Құрымбаев, «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватының «Табиғи кешендер мен объектілерді өсіру және табиғатты пайдалану» бөлімінің табиғи кешендерді қорғау жөніндегі бас маманы Жандос Базарбай және Айбек Көшеғалиев, Мейірбек Бисекешов, көлік жүргізуші Альберт Жанғожинмен бірге Бозоба елді мекені, Қайыңды ауылы, Хайруш елді мекені, Талдықұдық және Ақпәтер ауылдарының аймағында болып, тарихи маңызы бар орындарды анықтадық.

FB_IMG_1689230771798

Екінші кезеңде Бозоба елді мекені аумағынан 2,5 мың жыл бұрынғы оба, 1974 және 1980 жылдарда қазылған 2 бөгет, солтүстік-батысқа қарай 7,14 шақырым жерде Серік Қасымовтың шаруа қожалығы маңынан ескі ауылдың орыны мен ел аузында «Қоңырсай» аталған мола анықталды. Моладан 11 араб қаріпіндегі шағатай тіліндегі құлпытастар табылды.

Қайыңды ауылдық округінде қызғалдақ алқабынан батысқа қарай 5 шақырым жерде зираттан 2 оба, 2 құлпытас, округ аумағынан «Ит қонған» жері анықталды. Тарихқа зер салсақ «Ит қонған» аталған жерге 1966 жылдың 22 ақпанында ұшырылған Ветерок және Уголёк есімді ғарышкер иттердің спутнигі 16 наурызда Саратовтан оңтүстік-шығысқа қарай 210 шақырым қашықтықта қонған. Өлкетанушы Айболат Құрымбаевтың пайымдауынша біз анықтаған орын спутник қонған жер болуы әбден мүмкін. Оны тарихи зерделеу жұмыстары айқындамақ.

FB_IMG_1689230778772

Талдықұдық ауылдық округінің аумағынан «Қызылсарай» қыстағының орыны, 14 оба, 1 мола анықталды. Толықтырар болсақ, картада «Қызылсарай» қыстағы деп белгіленген аймақта ескі ауылдың орны болған. Кейбір деректерге сүйенсек, мектептің орны болғандығы жөнінде ақпарат бар. Бұл да зерттеуді қажет етіп тұр. Сондай-ақ «Қызылсарайдан» төрт бейіт, үш құдық анықталды. Ал Хайруш және Тереңқұдық елді мекендері маңында ерте темір дәуіріне жататын обаларды назарға алдық. Содан соң, экспедиция мүшелерімен бірге Ақпәтер ауылдық округінің орталығына аялдап, тарихи өлкетану мұражайымен таныстық.

Екінші кезеңнің соңғы бағыты Талдыапан ауылдық округінің Қайшақұдық елді мекенінен солтүстік-батысқа қарай 3,2 шақырым жерде екі үлкен, екі кіші оба, 500 метр жерде бір оба анықталды.

FB_IMG_1689230787898

Экспедиция хақында Мұрат Дабылұлының да пікірін білдік.

- Батыс Қазақстан облысы ежелгі ескерткіштерге өте бай өлке. Соның ішінде, Казталов ауданында ежелгі ескерткіштер, дәлірек айтар болсақ жерлеу орындары, мекен орындар, уақытша тұрақтар. Олардың қатарында ең көп кездесетіні ежелгі темір дәуіріндегі сақ, сарматтардың жерлеу орындары. Соңғы кезеңде мұндай жерлеу орындарын зерттеу күрделі зерттеулердің бірі болып есептеледі. Өйткені, ХХІ ғасырда мұндай ескерткіштерді археологиялық тұрғыда зерттеу жүргізген кезде заттарды ғана зерттемей, физиологиялық қалдықтарды, жан-жануарлардың сүйектерін, топырақтың және сол кезеңдегі өсімдіктер дүниесі кешенді түрде зерттелуі қажет. Содан соң, қазба жұмыстары кезінде табылған сүйектерге ДНҚ сараптамасын жасату арқылы да құнды мәліметтер анықтауға болады. Бұл зерттеулердің жас ұрпақ үшін маңызы зор. Меніңше, Бозобадағы, Қайшақұдықтағы, Тереңқұдық елді мекендеріндегі обалар сыртқы суреттеу тұрғысында айтар болсақ, ерте темір дәуіріндегі тайпалардың өмір сүргендігін көрсетеді. Сондықтан, археологиялық зерттеу жұмыстарын қолға алу қажет. Ол ауданның тарихын ғана емес, мемлекеттің де тарихына қосқан үлесіміз болады деп есептеймін, - деді профессор.

Иә, экспедицияның алғашқы екі кезеңінің өзінде құнды деректер, халық ауызындағы аңыз-әңгімелер жинақталды. Үшінші кезеңі аяқталған соң, толық қорытынды шығарылып, халыққа құнды мәліметтер таныстырылады.

Жобаға бастамашы болған аудан әкімдігінің де, ішкі саясат бөлімінің, округ әкімдері мен мамандардың да экспедицияға қолдау көрсетіп отырғанын баса айтқан жөн.

Өйткені, олар экспедицияның маңызын ұғып, тек округтегі тарихи орындармен таныстырып қана қоймай, экспедицияға қажетті дүниелермен қамтамасыз етіп отыр. Бұл аудан халқының бірлігінің, тарихқа бей-жай қарамайтынының айқын көрінісі.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале