Бүгін Казталов ауданы, Қайшақұдық ауылында «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында Қарасу, Көмекші, Сатыбалды, Қайшақұдық ауылдарына көшіп келген отбасыларға жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі өтті. Іс-шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ауылды дамыту, халықтың тұрмыс сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында ауданда жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан 2024–2026 жылдарға арналған «Қаладан-ауылға» пилоттық жобасы ауылдарға жас мамандар мен көпбалалы отбасыларды тартуға зор мүмкіндік беруде.
Салтанатты рәсім барысында Орал қаласынан қоныс аударған көпбалалы отбасы Азамат Қабдолов пен Роза Сейітқали, көпбалалы ана Гүлнар Баяшова, көпбалалы отбасы Әлібек Төремұратов пен Әсемгүл Құралбаева, Мұрадым Мұзаппаров пен Зарина Меңболатова және жас мамандар Ердәулет Борисов пен Мира Жолдыбаеваға жаңа баспаналардың кілті, бұзаулы сиыр мен 10 бас қой мен ешкінің сертификаты табысталды. Сонымен қатар жаңа қоныс иелеріне аудандық ардагерлер кеңесі жаңа жылдық сыйлықтар тарту етіп, «Ауыл айнасы» газетіне 1 жылға тегін жазды.

Мира Жолдыбаева жаңа қоныс иелері атынан алғыс сөз сөйлеп, мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылық білдірілді.
— Бүгін біз үшін ерекше қуанышты, тарихи күн. «Қаладан-ауылға» бағдарламасы аясында жаңа баспанаға қол жеткізіп отырмыз. Осы зор қуанышқа себепкер болған мемлекетімізге, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, облыс және аудан басшылығына жаңа қоныс иелері атынан шынайы алғысымды білдіремін. Ауылда адал еңбек етуге, ел игілігі жолында қызмет етуге барлық күш-жігерімізді саламыз. Балаларымыздың жарқын болашағы осы жерде қалыптасатынына сенім мол. Осындай игі бастамалардың жалғасын тауып, ауылдарымыз көркейе берсін. Елдің бірлігі мен берекесі артып, баршаңызға зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді ол.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы