Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Ауыл – бесігі. Елдіктің діңгегі – ауылдан басталады. Ауылдағы тұрмысты жақсартпай, ауыл шаруашылығын өркендетпей, елді дамыту мүмкін емес», - деп атап өткен болатын.

Осы бағытта Батыс Қазақстан облысында облыс әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен 2024–2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасы сәтті жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның мақсаты – азаматтарды ауылға тарту, көші-қонды тұрақтандыру, маман тапшылығын жою және жас отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсету.
25 қазан – Республика күніне орай, Казталов ауданы Бостандық ауылдық округіне қарасты Қаракөл елді мекенінде осы бағдарлама аясында жаңа тұрғын үйлердің кілтін табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат депутаты Дархан Даулетияров, Бостандық ауылдық округінің әкімі Есбол Сақауов, сондай-ақ мердігер Максим Жукин қатысты.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы тұрғындарды мерекемен құттықтап, жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады.
Заманауи үлгіде салынған жаңа үйлердің кілттері Арыстан мен Баршагүл Бахтияровтар және Нұрболат пен Жанат Баймұратовтар отбасыларына табыс етілді.

Бағдарлама арқылы ауылға қоныс аударған жас отбасыларды жергілікті тұрғындар қуанышпен құшақ жая қарсы алып, бір бас ірі қара төлімен және он бас қой-ешкі сыйға тартты.

– Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиұлының бастамасымен ауылдық жерлерге азаматтарды тұрақтандыру мақсатында “Қаладан – ауылға” бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Осы жоба аясында Бостандық ауылына қарасты Қаракөл елді мекеніне көшіп келдік. Жолдасым Арыстан ауылдық полиция қызметіне ауысты, өзім Қаракөл мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмысымды бастадым. Тұңғышымыз мектепке барса, үш кішкентайымыз балабақша жасында. Өңір және аудан басшылығына алғыс айтамын. Осындай игі бастамалар жалғасын таба берсін, – деді Баршагүл Қошкелдіқызы.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы