7.09.2024, 10:00
Оқылды: 188

Казталов ауданы: маңғыстаулық кәсіпкер  дәмі тіл үйірер қарбызбен аудан халқын қамтып отыр 

Жаз басталғалы Казталов бау-бақша дақылдарын егіп, күзге дейін өнімін халыққа сататын бағбандардың саны тым көп емес. Әсіресе, Тайпақ, Қаратөбе өңірлеріндегідей қауын-қарбыз егетіндер саусақпен санарлық. Зейнетінен бейнеті көп бақша егу үшін қажырлы еңбек қажет.

IMG20240906162634

Былтырғы жылдан бері ауданымызға Маңғыстау облысынан келіп, бақша егіп жүрген Оңғар Сардарбековтың есімі аудан жұртшылығына жақсы таныс. Былтыр ол Қараөзен ауылында өзен бойынан жер алып, қияр еккен болатын. Шыққан өнімін аудан жұртшылығы таласып сатып алды. Ал биылғы жылы бағбан Казталов ауылына таяу Сарыөзен өзені жағасындағы Мышым қыстағы маңынан жер алып, қарбыз, қияр, асқабақ егіп отыр.

IMG20240906162731

Жуырда Оңғар ағамыздың бақшасына барып қайтқан болатынбыз. Бақша басында жүрген бағбан кезекті жәрмеңкеге піскен қарбыздарды дайындап жатыр. Бір қарбызды кесіп, бізге де дәм ұсынды. Дәмі тіл үйіретін тәтті екен. Өзен жағасынан шамамен 3 гектардай жерді өңдеген. Ерекшелігі бақшадағы дақылдар тамшылату әдісімен суарылады. Бақшада қарбыздың «Атаман», «Зарабина» түрлері егілген. Бағбан тек биыл бақша егуді жай бастағанын жеткізді. Соның өзінде ала қарбыздар теңкейіп біраз жерді алып жатыр. Жергілікті табиғи таза өнім.

Айтпақшы, құрметті жерлестер! Жергілікті жерде өскен тәтті қарбыздар 7 қыркүйек күні Казталов ауылында өтетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде сатылады. Қарбыздың бір келісі 70 теңгеден болмақ. Жергілікті өндірушіні қолдап, қолжетімді бағамен табиғи таза өнімді сатып алайық! Бақша басынан да көтерме бағамен қарбыз сатып алуға мүмкіндік бар.

Нұр Рахман, 

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале