3.07.2024, 9:00
Оқылды: 127

Казталов ауданында мол өнім алуға мүмкіндік бар

Биыл оңтүстік аудандарда қуаңшылық болып, даладағы шөптің шығымы өте төмен болды. Оның үстіне киіктің басы да өсіп келеді. Мал баққан шаруалар «Жеріміздегі шөпті киік жеп қойды» деп жанұшыра айқайлап жатқаны да көпке мәлім. Биылғы санақ мәліметі бойынша, ақбөкендердің саны 3 млн басқа жуықтаған. Иә, қай нәрсе де шамасынан тыс көбейсе зиян екені анық. Осы бір қиындықтармен күресіп келе жатқан Казталов ауданының шаруалары үшін биылғы жыл қолайсыз болып тұр.

IMG-20240702-WA0165

Қыстағы қардың суы молынан түсіп, көктемдегі жауын-шашын да төгіп салды. Жоғары жақтан қос өзенге де су жеткілікті келді. Өзен бойындағы лимандар мен көлдерге су молынан шықты. Дегенмен, күн жылынбай қырдағы шөптің шығымы төмен болып тұр. Шаруалардың дені қырда отырғасын, бұл да бір бас ауыртар мәселе. «Аспаннан қашан жауын жауады немесе шөп шығымы молынан болса?!» деп тілек тілеудің заманы артта қалып бара жатқандай. Ендігі кезекте екпелі шөп егіп, суармалы егістікті жандандыру қажеттілігі туындар отыр.

Ауданымызда екпелі, көпжылдық шөптерді егуді бастап жатқан шаруалар да жоқ емес. Осы жерде Ақпәтер ауылындағы «Ерқожа» шаруа қожалығының нәтижелі ісін атап айтуға болады.

«Жақсыны көрмекке» демекші, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Уәлиқызымен бірге Ақпәтер ауылдық округіне арнайы барып, суармалы егістікті қолға алып, шаруа бастаған азаматтардың тірлігін көріп қайттық. Шаруашылық жетекшісі елімізге жақсы танымал, облыстық мәслихат депутаты, ауыл жанашыры — Самат Хасанов.

Далалық жұмыстарды ерте бастаған шаруашылық жетекшісі Самат Хамзаұлы егістік басында жүр. Шаруашылық көпжылдық судан егіп, бітік шыққан шөпті шауып, буып жатыр.

Кәсіпкермен амандасып, аман-саулық сұрасқаннан соң әңгімеге тарттық.

– Өңірімізде 2019-2020 жылдары қуаңшылық болуына байланысты мал азығын дайындау қиындап кетті. Өзіміздің шабындықтарға шөп шықпай, сонау шалғайдағы Шыңғырлау, көршілес Тасқала аудандарынан шөп шауып, тасыдық. Ойлана келе, екпелі шөп егуге бел будық. Ол үшін 2021 жылы жаңбырлатып суаратын арнайы техниканы алуға Түрік елінің компаниясымен келісімшарт жасап, 2022 жылы Казталов несие серіктестігі арқылы сатып алдық.

Түркия елінде жасалған «PIVOT» маркалы жаңбырлатып суару арнайы техникасы толық құралғаннан кейін көктемде іске қостық. Құрылғының жалпы қаражаты 146 млн. теңгені құрады. Оның ішіне 1 шақырым электр желісі, су жүретін құбырлары бар. Жаңбырлатып суаратын бір фрегаттың өзі 40 млн теңге болса, біз егістікке екі фрегат, яғни, 80 млн теңгенің техникасын қойдық. Бір фрегат айналдыра 500 метр жерге дейін су шашады.

Былтырғы жылы киіктің көптігіне байланысты өнім алу қиын болды. Егістік еккен аумақты электр бақташымен қоршағанымызбен, киіктер қоршауды үзіп, таптап кетті. Биыл соны ескеріп, егістікке арналған 250 гектар жерді 7 шақырым арнайы тормен қоршап, әр 5 метр сайын бағана қойдық. Торды Алматы қаласынан тапсырыспен алдырдық. Соның нәтижесінде 160 гектар жерге көпжылдық судан шөбін егіп, жақсы өнім алып жатырмыз.

Шілденің бірінен бастап егістікке орақ салдық. Бұл бірінші (укос) шабындық, жоспар бойынша үш рет шауып, мол өнім алуға мүмкіндік бар.

InShot_20240703_001012853
Жаңбырлатып суаратын құрылғы электр желісінен қуат алады. Біздің округтегі электр желілері түгелімен тозып тұрғандықтан, жел тұрса жарық жиі өшеді. Сол себептен, күннің ыстығын, электр жарығының жиі сөнуін ескеріп, егістікті түнгі уақытта суарудамыз. Алдағы уақытта электр желілері мен бағаналар жөнделіп, ауыстырылса, - деп ағынан жарылды Самат Хасанов.

Өзіміз көргендей, егістік басында шөп шабатын екі комбайн, екі трактор шөп буатын техникасымен қоса жұмылдырылып, бес адам жұмыс жасап жүр. Шаруаның айтуынша, күзге дейін егістікте шыққан өнім екі немесе үш рет шабылып, ары қарай келесі жылға дайындық басталады. Егістік жері қайтадан жыртылып, тегістеліп, келесі жылдың көктеміне дайындалады. Егілетін тұқымды да шаруа қожалығы көпжылдық шөп егетін батысқазақстандық шаруалардан сатып алған.

IMG-20240702-WA0155

Суреттерден көріп отырғандарыңыздай, бұл бір айдың ішінде өскен өнім. Ал оның мал үшін құнарлығы мен пайдасы қандай болатынын өзіңіз ойша ойлай беріңіз.

Егістік басында Самат Хасановтың ұлдары да әкесіне қолғабыс жасауда. Әке ісін жалғап жүрген ортаншы ұлы Бексұлтанмен де тілдестік.

– Біздер әкемізге көмектесіп, егістікті суарамыз, техникаларды қараймыз. Екпелі шөп егу ауызға оңай болғанымен, оның да біраз жұмыстары бар. Егінге киіктен басқа далада жүрген малдың өзі жау. Оны да егіске түсірмей айдау керек, - дейді жас жігіт.

Ұрпақтар сабақтастығы деген осы емес пе?! Атакәсіппен айналысқан Саматтай азаматтың ісін ұлдары жалғап, әкесіндей елдің қамқоршысы болсын дейміз!

P.S Міне, өзіміз куə болғандай, Казталов ауданының шаруалары жауын-шашынға тəуелді пəленбай мың гектар жерді шабудың тиімсіз екеніне көз жеткізіп, аз ғана жерде суармалы, көпжылдық шөп егіп, мол өнім алуға болатынын түсінгендей. Бір сөзбен айтқанда мұның бәрі кезінде жүзеге асқан технологиялар. Бүгінде қайта жаңғырып жатыр.

Нұр Рахман
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале