Жасыл алаң кешкісін ауылда спорт сүйер қауымның көп жиналатын жері. Әсіресе, жазғы демалыс басталысымен қарадомалақтардың ермегі ашық аспан астында доп қуалау. Казталов ауданында 33 шағын футбол алаңы болса, күні бүгінде жаңаша бой түзеуді қажет еткен Тереңкөл ауылдық округіндегі жасыл алаңға жөндеу жүргізілді.

Бұл жағдай есеп беру жиындарында тұрғындардың тікелей көтерген мәселесі болатын. Осы жәйтті ескерген аудан әкімі аудандық бюджеттен қаражат қарастырып, ағымдағы жылдың сәуір айында бөлген болатын.

Нұрсай ауылындағы аталған жұмысты мемлекеттік сатып алу арқылы анықталған «RekTime» жеке кәсіпкерлігі атқарып, ауыл азаматтары қолдау көрсетті. Мердігер «RekTime» жеке кәсіпкерлігі атқарған жұмыстардың нәтижесінде футбол алаңы жаңарып, ауылға ерекше сән бергендей.

Атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, алаңға толықтай газон төселіп, қоршаудың астыңғы қабаты өзгертілген. Қоршау жаңадан сырланып, қосымша жарық шамдары қойылған. Сонымен бірге төбесінде шатыры бар көрермендерге арнайы орын салынды. Ендігі кезекте жанкүйер болғандар орындықтарға жайғасып, кез-келген спорттық шараларды тамашалай алады.
Иә, жайдарлы жаз айындағы демалыстарда жаңарған алаңда балалардың шынығып, жаттығып, алдағы оқу жылына жаңа күшпен кірсіуіне осы алаңдардың пайдасы зор екені даусыз.
Әсем Болат,
Казталов ауданы