3.11.2023, 14:45
Оқылды: 38

Казталов ауданы: «Толықтай аяқталмаған мектепке балаларымызды кіргізуге қарсымыз!»

Бүгін Казталов ауданы орталығында Казталов ауылдық округі әкімі аппаратының жанынан құрылған ақсақалдар кеңесінің жиыны өтті.

IMG20231103101015

 Жиынға округ әкімі Ернар Ғалымов, аудандық мәслихат депутаты Абылай Шакуов, ақсақалдар кеңесінің мүшелері қатысты.

Жиынды ашқан ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марат Тоясов құрылысы төрт жылға созылған Алма Оразбаев атындағы мектептің жағдайын ортаға салып, талқылауды ұсынды. Бұл жерде мәселе — мектептің ашылуында болып отыр. Әлі күнге толықтай құрылысы аяқталмаған мектепке оқушыларды кіргізуге ауыл халқы қарсылық білдіріп жүр.
Жиында сөйлеген ауыл ақсақалдары мектеп құрылысына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді.

IMG-20231103-WA0009

Ауылымыздың ақсақалы Марат Салаватов:

—Мектептің кешегі күзгі жаңбырда төбесінен су кетіп, жертөлесіне су жиналды. Барлық ақаулары белгілі болды. Сонымен қатар құрылысы толықтай аяқталмаған мектепке балаларымызды кіргізуге қарсымыз. Неге мектепті тезірек ашуға жынығып жатыр? Мектептің құрылысы толық аяқталып, арнайы комиссия қабылдағаннан кейін ғана мектепке оқушыларды кіргізу керек, - деген жанайқайын жеткізді.

Сонымен қатар жиында сөз алған құрылыс саласының ардагерлері Сабыржан Искаков пен Ахмет Сұпығалиев, еңбек ардагерлері Уәлиолла Әбішев, Тауфих Мұқановтар аталмыш мектеп құрылысы барысында көптеген кемшілік барын айтты. Мысалы, құрылыс нысаны басында техникалық қауіпсіздікті сақтау үшін және күнделікті құрылыс жасау үшін арнайы құжаттар жүргізілмеген. Мектеп құрылысы барысында жазылған ашу (вскрытие) актісін тексеру қажеттілігі бар. Әр жұмыстың графигі болуы қажет екендігін атап көрсетті.
Жиын соңында ақсақалдар:

«Барлық ұсынысымызды айтайық, тиісті заң шеңберіндегі орындалуын талап етейік! Құрылысты қадағалайтын және қабылдайтын жұмыс комиссиясына қатарымыздан мүшелерді қосып, мектептің ашылуын кейінге сыру керек. Барлық кемшілік түзетілуі қажет. Тек мектептің ашылуы ұзақ уақытқа созылып кетпесін» деген ортақ шешімге келді. Барлық ұсыныс жиынның хаттамасына енгізіледі.

Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале