Кезекті Казталов аудандық мәслихатының көшпелі комиссия отырысы Қошанкөл ауылында өтті.

Аудандық мәслихаттың «Бюджет, экономика және инфрақұрылымды дамыту мәселелері» және «Білім, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамту мәселелері» жөніндегі тұрақты комиссияларының бірлескен отырысына комиссия төрағасы Абылай Шакуов төрағалық жасаса, отырысқа аудан әкімінің м.у.а Айдар Менеев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Бекжан Тоғжанов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, комиссия мүшелері, бөлім басшылары, Қошанкөл ауылдық округінің әкімі Радж Шарипов, ауданымызда жол құрылысын жасап жатқан мердігер мекемелер өкілдері қатысты.
Ауданымыз үшін маңызы зор көшпелі отырыста Казталов ауданы бойынша ауылішілік және аудандық жолдарды күрделі жөндеу жұмыстарыны барысы туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Аронов хабарлама жасап, ортақ талқылауға салды.

Айта кету керек, көшпелі отырыстың Қошанкөл ауылында өтуі тегін емес. Ауданымыз бойынша Қараоба ауылының ішкі жолдары мен Беспішен-Қошанкөл-Қараоба бағытындағы күре жолдың құрылысы басталған болатын. Аталмыш жолдың 15 шақырымы мердігер «UNISERV» компаниясының жауапсыздығынан салынбай жатып бүлінген болатын.

Ал қазіргі уақытта қара жамылғы жолдың үстінен салмағы ауыр жүк көліктері жүріп, одан әрі ойылу үстінде. Комиссия мүшелері Қошанкөл ауылына барған сапарында бас ауыртар мәселені өз көздерімен көрді. Жиын барысында аталмыш жолмен қатар құрылысы жүріп жатқан және жаңадан басталатын жолдар да талқыланды. Жолдардың құрылысы сапалы әрі уақытында бітуі туралы мердігерлерге ескертулер берілді.

Сонымен қатар комиссия отырысында Казталов ауданы бойынша аудандық және облыстық жолдарды күтіп ұстау мәселесі қаралды. Әсіресе, Көмекші-Жұлдыз-Қарасу бағытындағы әйгілі Қанбансай өткелі әңгіме болды. Мәселеге қатысты облыстан келген Бекжан Тоғжанов жауап берді. Бөлім басшысының айтуынша, алдағы 2026 жылы бұл бағытта күрделі жөндеу жұмыстары басталмақ. Ал биылғы жылы Қабансайға жолдарды күтіп ұстау аясында шағын жөндеу жұмыстары жасалады.

Иә, бұл комиссияда аудандағы жолдың жыры бітпейтіні анық. Қазіргі күнде мердігерлердің жауапсыздығынан жолдың сапасы ақсап тұр. Аяғымызды батпақтан суырғанымызбен сапасы төмен, ойылған асфальт үстінде «Қашан Еуропадағыдай тегіс жолға жаримыз?!» деп армандап, жүріп келеміз.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы