Елімізде 12-17 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 16-37 апталық жүкті әйелдерді вакцинациялау жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі таңда Батыс Қазақстан облысында вакцинациялау жұмыстары жүруде. Күні кеше Казталов ауданындағы қос ауруханаға жалпы саны 7 флакондық 42 дозалық вакцина жеткізілді. Нақтырақ айтар болсақ, 1 флаконда 6 доза, яғни, 6 адамға вакцина салуға болады. Ауданда жалпы саны 24 аудан тұрғыны «Comirnaty» вакцинасымен вакцинацияланды. Оның ішінде 9 жасөспірім болса, 15-і бала емізу кезеңіндегі аналар.
23 қараша күні Казталов аудандық ауруханасында вакцинациялау жұмыстары жүргізіліп, Қошанкөл ауылы, Ғ.Бегалиев атындағы орта жалпы білім беретін мектебінің 14, 16, 17 жастағы 6 оқушысы «Comirnaty» вакцинасымен екпе алды.
Вакцинациялау процесі әдеттегідей екпе алушының дәрігерлік тексерістен өтіп, вакцина алып, 30 минут дәрігерлік бақылауда болуымен жүргізілді. Вакцина алушылардың қатарында ең жас оқушы 14 жастағы Ілияс Қайсағали. Ол өз еркімен вакцина алуға өтініш жасап, ата-анасының келісімімен вакцина алды.
-Қазіргі таңда әлемде коронавирус дерті өршіп тұр. Бұл біздің сапалы білім алуымызға да өзінің әсерін тигізген болатын. Мен өз елімнің патриоты ретінде еліміздегі болып жатқан жәйттерге бей-жай қарамай, қоғамдық иммунитет қалыптастыруға өз үлесімді қосамын деп шешім қабылдадым. Ата-анам да шешімімді құп көріп, вакцина алуыма рұқсаттарын берді. АҚШ-тың «Pfizer» компаниясынан шыққан «Comirnaty» вакцинасының алғашқы дозасымен екпе алдым. Жағдайым бірқалыпты. Ауырсыну белгілері байқалмады. Дәрігерлер барлық қауіпсіздік шараларын түсіндіріп, мағлұмат берді. Мен еліміздің болашағы ретінде өз замандастарымды және барша аудан тұрғындарын вакцина алуға шақырамын. Біз үшін бұл маңызды міндет деп білемін, - деді жеткіншек.
Казталов ауданында «Comirnaty» вакцинасын алушылардың жағдайы тұрақты. Оларға алдын ала түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Қос аурухана басшылығы да жасөспірімдер мен жүкті және бала емізу кезеңіндегі әйелдерді вакцинациялау жұмыстары бойынша түсіндіру жұмысы үздіксіз жүргізіліп тұратындығын жеткізді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz