Казталов ауданы Болашақ ауылдық округіне қарасты Жаңатаң ауылында «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында балаларға арналған шағын орталық ашылды. Ауыл азаматтарының қолдауымен іргетасы қаланған ғимараттың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті.

Аудандағы озық мектептердің бірі Мирон негізгі жалпы білім беретін мектебі жанынан шағын орталықтың бой көтеруі – ауыл тұрғындары үшін қуанышты жаңалық. «Балапан» шағын орталығының ашылу салтанатына Казталов аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Жангереева қатысып, ауыл тұрғындарын қуанышымен құттықтап, шағын орталықтың ашылуына атсалысқан азаматтарға аудан әкімінің алғысхатын табыс етті. Ауыл бүлдіршіндерінің мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында сапалы білім алуы мен уақыттарын тиімді пайдалануы үшін арнайы шағын орталық салу бастамасын көтерген азамат, мектеп директоры Кеңес Жұмағалиевке де ауыл тұрғындары дән риза.

Байырғы тұрғын, ардагер ұстаз, батагөй ақсақал Исмағұл Мусин шағын орталықтың бой көтеруіне ықпал еткен ауыл азаматтарына ризашылығын білдірді.
– «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ашылып отырған шағын орталық көптің тілеуімен салынды. Игі істің бастамасын директорымыз Кеңес Жұмағалиев көтерсе, ауыл азаматы, жеке шаруа қожалық жетекшісі Қадырбек Есмурзин қаржылай көмек көрсетіп, ауыл азаматтарының күшімен іргетасы қаланды. Бұл – ауылдың бірлігін айқындаған, жастарының болашағын ойлаған ауылдың үлкен жеңісі. Біз ендігі кезекте балаларымыздың сапалы білім алуы мен ұлттық тәрбиені бойына сіңіруіне аянбай тер төгуіміз керек. Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз білім – адамзаттың қас жауы» деп тегін айтпаса керек. Ал бала тәрбиесінің бастауы отбасыдан басталса, балабақшадан білім нәрімен сусындайды. Айтулы істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғысымыз шексіз, – деді Исмағұл Қадырқұлұлы.

Мектеп жанынан ашылған шағын орталықта 15 бүлдіршін тәрбиеленетін болады. Олардың білім алуы, тәрбиеленуі, демалысы мен ас ішу уақыты белгілі бір тәртіппен жүзеге асады. Сонымен бірге 6 қызметкер жұмыспен қамтылған. Солардың бірі – Рауа Шармаханова. Жаңатаң ауылына Қызылорда облысынан көшіп келген маман – «Балапан» шағын орталығында тәрбиеші.

– «Балапан» шағын орталығына жұмысқа орналастым. Қазіргі таңда тәрбиеші болып қызмет атқарып жүрмін. Ата-ананың мейірімінен соң бүлдіршінді тәрбиелеу, білім нәрімен сусындату мен үшін үлкен жауапкершілік. Шағын орталық тек бүлдіршіндерге ғана емес, жұмыссыз жүрген жандардың жұмыспен қамтылуына қолайлы жағдай туғызды. Сондықтан игі істі қолға алған азаматтардың баршасына өз ризашылығымды білдіремін, – деген Рауа Алдабергенқызы жұмысын зор жауапкершілікпен атқаратынын жеткізді.

Сонымен бірге орталықтың ашылуына Мирон мектебінің 1995 жылы мектеп бітірген түлектері де үн қосып, өз сыйлықтарын табыс етті. Салтанатты шара бүлдіршіндердің әсем әндерімен әспеттелді.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер