26.09.2025, 17:30
Оқылды: 128

Казталов ауданында «Абай тағылымы» кабинеті ашылды

Казталов ауданы орталығындағы Алма Оразбаева атындағы мектепте руханияттың жаңа ордасы «Абай тағылымы» кабинеті ашылды.

FB_IMG_1758881371508

Бұл күн мектеп тарихында  ерекше есте қалар сәт болды. Өйткені қасиетті шаңырақта енді Абайдың сөзі мен үні, ойы мен өрнегі мәңгі жаңғырып тұрмақ.

Кабинеттің жасақталуына үлкен демеушілік көрсеткен  осы мектептің түлегі, азаматтық қорғау полковнигі Жеңіс Әжіғалиұлы Ниғметов. Туған жеріне, алтын ұясына деген ыстық ықыласын осылайша іспен дәлелдеп, кейінгі жас буынға өлшеусіз сый жасады.

Кабинет іші ұлы ақынның рухымен тербелген бір әлем. Мұнда Абайдың өмір жолынан сыр шертетін суреттер, парасатқа шақырған сөздері, ойға жетелер кітаптары мен заманауи көрнекіліктер жинақталған. Әр бұрышынан жас ұрпақтың көкірегіне сәуле құятын рухани қуат сезіледі.

FB_IMG_1758881377506

Салтанатты жиында мектеп директоры Марал Әнуарбекқызы тебірене сөз алып, мектеп түлегі, меценат ағамызға алғысхатын жолдады.

Оқушылардың жүрекпен оқыған өлеңдері, қара сөзден толғаған ойлары тыңдарманды бейжай қалдырмады. Ал «Ұлағат» бірлестігінің музыкалық сәлемдемесі Абай әндерінің әуенімен кештің сәнін аша түсті.

FB_IMG_1758881383423

Бұл жаңа кабинет білім ордасының ғана емес, күллі елдің рухани байлығына қосылған асыл қазына. Ол жас ұрпақтың ой-санасын оятып, жүрегіне ұлт руханиятының шуағын себер мәңгілік мекенге айналмақ.

Жұлдыз Асқар, 

Казталов ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале