12.01.2026, 15:00
Оқылды: 224

Казталов ауданында актив жиыны өтті

Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен аудан активінің жиыны өтті. Келелі басқосуға аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат депутаттары, салалық бөлімдер мен мекемелердің басшылары, ауылдық округ әкімдері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

IMG_2165

Жиынды ашып, жүргізген аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы 2026 жылғы 5 қаңтарда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген сұхбатына тоқталып, одан туындайтын міндеттерді атап өтті. Сонымен қатар 2025 жылы Казталов ауданының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің қорытындысына кеңінен тоқталды. Аудан басшысы өткен жылы мекеме мен ұйымдар тарапынан атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған жоспарларды айқындау мақсатында актив жиыны ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

IMG_2184

Жиында аудан әкімінің орынбасары Рашит Иманғалиев ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жер қатынастары, ветеринария, әлеуметтік бағдарламалар мен жұмыспен қамту салаларында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндама жасады. Рашит Нәсіпқалиұлы өз хабарламасында ауыл шаруашылығының дамуы, мал азығы қоры, бау-бақша мен екпелі шөп көлемі, материалдық-техникалық база, суландыру жүйелері, «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылуы, кәсіпкерлік пен жер қатынастары, ветеринариялық қызмет, жұмыспен қамту және әлеуметтік көмек бағытындағы нәтижелерге тоқталды.

IMG_2177

Аудан әкімінің орынбасары Айдар Менеев бюджет пен экономика, салық түсімдері, құрылыс саласы, «Қаладан — ауылға» жобасы, газдандыру, техникалық және таза ауыз сумен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу, абаттандыру, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

Білім беру, мәдениет және спорт, ішкі саясат, денсаулық сақтау салаларындағы атқарылған жұмыстар барысын аудан әкімінің орынбасары Серік Қайырлиев баяндады. Серік Ерболатұлы мәдениет саласындағы жетістіктерге, айшықты іс-шараларға және «Мен оқыған 30 кітап» жобасының нәтижелеріне ерекше тоқталды. Сонымен қатар спорт, ішкі саясат, жастар саясаты, білім беру, денсаулық сақтау және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы оң көрсеткіштерді атап өтті.

Сондай-ақ жиында құжат айналымы, кадр қызметі және орындаушылық тәртіп мәселелері бойынша аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік хабарлама жасаса, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев аудандық қоғамдық кеңес мүшелері және аудандық мәслихат депутаттарының араласуымен шешімі табылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар туралы айтып берді.

IMG_2169

Актив жиынын қорытындылаған аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы: — Құрметті актив отырысына қатысушылар, жалпы алғанда өткен жылғы жұмыстар қанағаттанарлық деңгейде атқарылды деп есептеймін. Бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілді. Тиісті мекемелермен бірлесіп, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылды, — дей келе, ағымдағы жылы да бірлесе жұмыс істеуге шақырып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале