13.02.2026, 10:00
Оқылды: 15

Казталов ауданында ардагерлер конференциясы өтті

Бүгін Алма Оразбаева атындағы мектепте аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуовтың төрағалығымен “Ардагерлер ұйымы” республикалық қоғамдық бірлестігінің Казталов аудандық филиалының есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

image-13-02-26-12-39-3

Конференция жұмысына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Мұханбетова, сондай-ақ 16 ауылдық округтің ардагерлер кеңесі төрағалары мен белсенді ардагерлер қатысты.

image-13-02-26-12-39

Күн тәртібінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, аудандық ардагерлер ұйымының 2025 жылы атқарған жұмысы туралы есеп, ұйымның пленум мүшелерін сайлау, аудандық ардагерлер кеңесінің құрамын жасақтау, төраға сайлау және облыстық ардагерлер кеңесінің конференциясына делегаттар сайлау мәселелері талқыланды.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов баяндама жасап, өткен жылғы жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Ардагерлер ұйымының жаңа пленум мүшелерін және кеңес құрамын сайлау жөнінде аудандық әжелер алқасының төрайымы Нұрия Хабибуллина баяндады. Ал облыстық конференцияға делегаттар сайлау туралы БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабышұлы хабарлама жасады.

image-13-02-26-12-39-2

БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген сөз сөйлеп, Казталов аудандық ардагерлер ұйымының жұмысын жоғары бағалады. Ол ауданда алғаш енгізілген ардагерлер ұйымдарының рейтингілік бағалау тәжірибесі оң нәтиже көрсеткенін атап өтіп, бұл бастаманы алдағы уақытта облыс көлемінде енгізу жоспарланып отырғанын жеткізді. Сонымен қатар референдум мәселесіне тоқталып, оның маңыздылығын тілге тиек етті.

Өз кезектерінде Казталов ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуов пен Қараөзен ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Болат Бекешов те баяндама жасап, Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты өткізілетін референдум жөнінде пікір білдірді.

2025 жылы Казталов ауданы бойынша ауылдық округтердегі ардагерлер бастауыш ұйымдары төрағаларының жұмысын бағалау ережесі бекітілген болатын. Осы бағалау нәтижесінде Қараоба ауылдық округі бастауыш кеңесінің төрағасы Қайырболат Қизағалиұлы үздік нәтиже көрсетті.

Жиын барысында бірқатар белсенді ардагерлер марапатталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Ғабдулханұлының алғысхатымен Қадырболат Джумашев, Елемес Мұқатов, Мағзия Қабиева, Ақаш Мыңжасов марапатталды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің алғысхаты Казталов ауданының “Құрметті азаматы” Уалиолла Абешовке және аудандық әжелер алқасының төрайымы Нұрия Самиғоллақызына табысталды.

Сонымен қатар, ардагерлер бастауыш ұйымдары төрағаларының жұмысын бағалау қорытындысы бойынша жүлдегерлер де анықталды. Аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев ІІ орын иеленген Қарасу ауылдық округінің төрағасы Асан Қуанышқалиевті және ІІІ орын алған Талдыапан ауылдық округінің төрағасы Қыдырғали Жұмағалиевті марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады. Ал І орын иегері — Қараоба ауылдық округінің төрағасы Қайырболат Қизағалиұлына аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы шипажайға жолдама табыс етті.

Аудан әкімі өз сөзінде ардагерлер ұйымының қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

- Қазақта «Қариясы бар ел – қазыналы ел» деген тағылымды сөз бар. Ауданда 3597 зейнеткер соның ішінде 56 тыл ардагері бар. Сіздердің маңдай терлеріңізбен, адал еңбектеріңізбен, табандылық пен төзімдеріңізбен ауданымыздың іргесі бекіп, бүгінгі жетістіктерге жол ашылды. Біз бүгінде жаңару мен жаңғыру дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Ел тағдырына қатысты маңызды реформалар жүзеге асуда. Мемлекет пен қоғам арасындағы байланыс нығайып, азаматтардың үнін есту қағидаты басты құндылыққа айналды. Конституция – елдің темірқазығы. Ал сол темірқазықтың берік болуы – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігімізге байланысты. Сондықтан сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз бен парасатты пікірлеріңіз бұл кезеңде аса қажет. Ардагерлердің ақыл-кеңесі, елдік ұстанымы қоғам үшін әрдайым бағдаршам болып қала бермек. Біз бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды сақтап, ортақ мақсатқа жұмылғанда ғана ауданымыз да, еліміз де өркендейді,  — деді аудан әкімі.

Сонымен қатар жиын барысында аудан әкімі Казталов ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқанғали Бектілеуовке және Қараөзен ауылдық округі бастауыш ардагерлер кеңесінің төрағасы, облыстық батагөйлер байқауының жеңімпазы Болат Бекешовке атқарған еңбектерін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді. Екі ардагерге құрмет көрсетіліп, иықтарына шапан жабылды.

image-13-02-26-12-39-1

Жиын соңында ардагерлер өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, алдағы референдумды қолдады. Аудандық конференция депутаттарының ұсынысымен пленум мүшелері сайланып, кеңесі құрамы бекітілді. БҚО ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Қабышұлының ұсынысымен Жүсіп Ғабдулханұлы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып қайта сайланды.

 

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале