Елімізде ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін жақсарту мақсатында бірқатар мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту мәселесін ерекше бақылауында ұстап отыр.
Оның ішінде өз кәсібін бастауға ниет еткен жандарға «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы үлкен мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл жоба ауылдық округ тұрғындарын жаңа жұмыс орындарымен қамтып қана қоймай, кәсіпкерлікпен айналысуға шақырады. Қазақстанның азаматтары жобаға қатысуға өтініш бере алады.
Өтінішті мақұлдамастан бұрын оның тиімділігі мен бизнестің қажеттілігі ескеріледі.
Казталов ауданында «Ауыл аманаты» бағдарламасы сәтті жүзеге асып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде жоба арқылы 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиеге өтініш берген жандардың қатары жыл санап көбейіп келеді.
Ауыл тұрғындарының басым көпшілігі мал шаруашылығы саласында несиеге өтінім береді. Аталмыш бағдарлама бойынша қатысушыларға несиені мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға беріледі, оның 2 жылы негізгі несие төлемінен босатылады (2 жыл демалыс береді). Ал басқа кәсіпті несібіңізге айналдырар болсаңыз – 5 жылға беріледі, 1,5 жыл негізгі несие төлемінен босатылады (демалыс).
Жеке кәсіпкерлерге 2500 АЕК дейін беріледі, ауыл шаруашылығы өнідірістік кооперативтеріне 8 000 АЕК дейін беріледі. Оның тек бір шарты бар. Кепіл болуы шарт. Жылжымайтын мүлік негізгісі, қалған жылжымалы мүліктерді қосымша кепіл ретінде қоясыз.
Былтыр ауданның 16 ауылдық округі толықтай «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысып, 705,2 млн теңгеге 115 өтініш тапсырды. Жалпы сомасы 655,5 млн теңге қаржыландырып, 105 несие алушы – несиесін алып, жұмысын жүргізіп жатыр.
Оның ішінде 62 жоба бойыншы cүтті бағыттағы ірі қара мал сатып алынған.
Бүгінде несие алғандардың ішінде 105 несие алушы алған 655,5 млн теңгені игерді, оған сүтті – 646 бас ірі қара малы, етті – 157 бас ірі қара малы, 3 131 бас ұсақ қара малы сатып алынды.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындарының өз кәсібін бастауға немесе бұған дейін айналысып келген кәсіптерін кеңейтуге үлкен мүмкіндік беретін жоба. Аудан бойынша күні бүгінге 31 өтінім тапсырылды. Жалпы сомасы 216 315,0 мың теңге. Соның ішінде қаралып жатқан 1 өтінім сомасы – 9 200,0 мың теңге, қаражаты төленгені төрт өтінім сомасы – 24 950,0 мың теңге, заңды өзгертулерде тұрғаны 24 өтінім – 168 865 мың теңге. Қаражаты төленген төрт өтінімнің бағыттары шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту болды. Олар: шағын жиһаз цехын дамыту, қаңылтыр жабындарын дайындау шағын цехын ашу, бау-бақша өнімдерін егу жұмыстарына, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға арналған, - дейді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ержалғас Ишанов.
Ауылда тіршілік жасап, әл-ауқатын жақсартамын деген жандарға «Ауыл аманаты» жобасы үлкен мүмкіндік береді.
Гүлнұр Сәуірғалиқызы
Казталов ауданы