3.04.2026, 15:30
Оқылды: 18

Казталов ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өтті

Батыс Қазақстан облысының аграрлық әлеуетін арттыру және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін мемлекеттік қолдау тетіктерімен кеңінен таныстыру мақсатында Казталов ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері жөнінде салалық кеңес өтті. Облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов төрағалық еткен жиынға аудан әкімі Асланбек Сарқұлов, агроөнеркәсіп кешеніне жауапты облыстық басқармалар мен инспекциялардың басшылары, қаржы институттарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен кооператив мүшелері, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

 0N6A0198

Жиынды ашқан Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов аудан экономикасының негізгі тірегі  мал шаруашылығы екенін атап өтіп, ауыл шаруашылығы саласының тұрақты дамуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсіміне тікелей әсер ететінін атап өтті.

— Казталов ауданы – аграрлық бағыттағы өңір. 2025 жылдың қорытындысымен ауданымызда 1076 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді. Мал шаруашылығы бағытында да оң өсім қалыптасып отыр. Атап айтар болсақ, ірі қара – 166 мыңнан астам бас (өсім – 14,8%), ұсақ мал – 330 мыңнан астам (9,2%), жылқы – 42 мыңнан астам (4,5%). 2026 жылдың қаңтар айының өзінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 1,3 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 119,4%-ға жетті. Мал шаруашылығын дамыту, өнім көлемін арттыру, сапаны жақсарту және заманауи технологияларды енгізу – бүгінгі күннің басты міндеті. Мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалану арқылы біз бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізе аламыз, — деді аудан әкімі.

Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызына тоқталып, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында жүзеге асырылып жатқан жүйелі жұмыстарға назар аударды.

— Батыс Қазақстан облысы  еліміздің жетекші индустриялық-аграрлық өңірлерінің бірі. Ауыл шаруашылығы – халықтың әл-ауқаты мен азық-түлік қауіпсіздігін айқындайтын негізгі сала. Бүгінгі кездесудің мақсаты  2025 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесін жеткізіп, 2026 жылға арналған жоспарлармен бөлісу. Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында Үкімет әзірлеген 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың негізгі бағыттарына тоқталамыз. Аталған жоспар өңірдегі саланың жүйелі дамуын қамтамасыз етуге бағытталған, — деді ол.

Кеңес барысында салаға жауапты басқармалар басшылары мен мекеме өкілдері мемлекеттік қолдау шараларының жаңа бағыттарын, несиелеу тетіктерін, салық заңнамасындағы өзгерістерді және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін жан-жақты түсіндірді. Атап айтқанда, агроөнеркәсіп кешенін қолдаудың заманауи құралдары, жеңілдетілген несие өнімдері, ветеринариялық қауіпсіздік пен жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер талқыланды.

— Мемлекет басшысының жалпы өнім көлемін 5 жылда 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасы аясында облыста нақты жұмыстар атқарылуда. 2025 жылы салада оң өсім қалыптасып, мемлекеттік қолдау көлемі ұлғайды, техника жаңарып, егіс пен суармалы жер көлемі кеңейтілуде. Алдағы кезеңде негізгі басымдық  мал шаруашылығын дамыту, жем-шөп базасын нығайту, су үнемдеу технологияларын енгізу, қайта өңдеу мен инвестицияны арттыруға беріледі, — деді БҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев.

Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» секілді қаржы институттарының өкілдері шаруаларға қолжетімді қаржыландыру көздері туралы нақты ақпарат беріп, ауыл кәсіпкерлерін белсенді түрде мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға шақырды.

0N6A0144

Кездесуде шаруалар субсидиялау, жайылымдық жерлерді пайдалану, су ресурстарын тиімді басқару және салықтық өзгерістерге қатысты сауалдарын қойып, ұсыныстарын айтты.

Кеңестен соң облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы облыстық басқармалар мен мекеме басшыларымен, қаржы ұйымдарының өкілдерімен бірге азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелерге тиісті түсіндірмелер берілді.

 

Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале