Бүгін Казталов ауданына жұмыс сапарымен Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ернар Ермекұлы Жалелов келді. Ернар Ермекұлымен қатар ауданымызға Батыс Қазақстан облысы әкімінің көмекшісі Ернұр Сапарұлы Өтегенов, Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрсұлтан Уалиханұлы Серіков ат басын тіреді.
Облыстан келген департамент бастығының орынбасары алдымен аудан орталығында орналасқан №11 өрт сөндіру бөлімінің ғимараты және жеке құрамының жұмысымен танысты.
Айта кетуіміз керек, аталмыш өртке қарсы бөлім тозығы жеткен ескі ғимаратта орналасқан. Осыған орай аудан орталығында жаңадан өрт сөндіру бекетін салу жоспарлануда.
Төтеншеліктердің сапары аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың төрағалығымен өткен Казталов ауданының төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысында жалғасын тапты. Жиында Казталов ауданыныңнің төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ерген Тасқалиев азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының өрт қауіпті кезеңге дайындығы туралы баяндап берді.
Мұнан кейін басқарма басшысының орынбасары аудан орталығындағы жаңадан салынатын өрт сөндіру бекетінің жобасымен танысып, ауыл шетінде сапқа тұрған азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарының өрт қауіпті кезеңге дайындығын тексерді. Жалпы ауданымыз бойынша 13 азаматтық қорғау қызметтері бар. Сонымен қатар «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерватына қарасты өрт сөндіру станциясы әркез көмекке келуге дайын.
Қандай да болмасын төтенше жағдайларға сақадай сай дайын тұрған азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдарын өз көзімен көрген облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Ернар Ермекұлы риза болып, оң бағасын берді.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы