Бүгін саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Казталов ауданы орталығында «Бесеудің хаты» ескерткіш тақтасы ашылды. Обелисктің ашылу салтанатына аудан әкімі Асланбек Сарқұлов қатысты.
Аудан орталығындағы «Жеңіс» саябағында бой көтерген тарихи ескерткіштің ашылу салтанатында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығы жанындағы халықтық театры «Бесеудің хаты» қойылымы арқылы Ғабит Мүсірепов, Емберген Алтынбеков, Мансұр Ғатауллин, Мұташ Дәулетқалиев, Қадыр Қуанышевтің ерлігін көпшілік назарына ұсынды.
Тарихи маңызы зор жиында аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы аудан жұртшылығын ескерткіш тақтаның ашылуымен құттықтап, игі істі жүзеге асыруға атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді.
- Өздеріңізге белгілі 2020 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмыстарын аяқтап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды» тапсырған болатын. Комиссия жұмысына ауданымыздың азаматтары да өз үлестерін қосты. Бұл бағытта арнайы томдық жинақтар жарық көрді. Осы арқылы тарихтың жаңа бір тынысы ашылғандай. Саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық тақырыбын қозғаған кезде «Бесеудің хаты» ойға оралары сөзсіз. Хатта жерлесіміз Мансұр Ғатауллиннің де қолтаңбасы болуы біз үшін мақтаныш. Бүгін міне тарихын жоқтаған, өткенді түгендеген жерлестеріміз Серік Жұмағалиев, Уәлиолла Әбішев сынды азаматтарымыздың бастамасымен, халықтың қолдауымен «Бесеудің хаты» ескерткіш тақтасы ашылып отыр. Аталған азаматтарға, қолдау көрсеткен жандарға шексіз ризашылығымды білдіремін, - деді аудан әкімі.
Салтанатты іс-шарада «Еңбек ардагері» Уәлиолла Әбішев, боздақтардың ұрпағы Серік Жәрдемалиев, «Казталов ауданының Құрметті азаматы», «Парасат» орденінің иегері Кәрім Өтеғұлов сөз алып, тарихты баяндап, алғыстарын айтты.
- «Бесеудің хаты» жөнінде айтар дүние көп. Хат алдымен халық жазушысы Шерхан Мұртазаның тарихи драмасына арқау болса, кейін ҚР «Құрметті журналисті» Серік Жұмағалиевтің мақалаларында да баяндалды. Ескерткіш тақтаны ашуға жұмыстанған жергілікті атқарушы орган өкілдеріне алғысымыз шексіз. Ескерткіш тақта академик, суретші Мақсұт Исмағұловтың жобасы бойынша жасалды. Бұл классикалық тұрғыдан қарағанда ақ пен қараның үйлесімділігін байқатады. Ал хат авторларының есімі жазылған тақта бір жағы жерде, бір жағы көкке ұмтылған құстың қанаты іспеттес. Дәлірек айтар болсақ,зобалаң жылдарды басынан өткеріп, жарқын болашаққа ұмтылған халықтың арманы десек болады, - дед іУәлиолла Әбішев.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметі Кәрім Өтеғұлов ақсақалмен Бақытжамал Жумағалиева анамызға табысталды.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталовка ауданы,
zhaikpress.kz