Казталовтағы А.Оразбаева мектебінде «Қош келдің, Жаңа жыл» атты дәстүрге айналған аудан әкімінің жаңажылдық шыршасы өтті.
Мерекелік шараға Казталов ауданы әкімі Асыланбек Ахметоллаұлы, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы, ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Ғабдулханұлы қатысты. Мерекелік шараға әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан жалпы білім беру ұйымдарының 28 оқушысы қатысты.
Мерекелік шыршаға түрлі карнавалдық киімдерін киіп келген бүлдіршіндердің шырайлы жүздерінен қуаныш лебі сезіледі. Себебі, Казталов ауданы балалары үшін бұл жыл жетістікке толы болды. Оқушылардың өнер мен білім саласында алған жүлделі орындары аз емес. Ұлу жылында жеңіске жеткен балалар бүгін жыл иесімен қоштасып, жылан жылын қарсы алғалы тұр.
Мерекелік қуанышқа аудан әкімі Асыланбек Сарқұлов қатысып, бүлдіршіндерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
– Бұл күні әр баланың арманы мен тілектері орындалып, барлық бала мереке қуанышына бөленуі тиіс. Еліміздің жарқын болашағы, ата-аналарыңның бақыты мен қуанышы да өздеріңіз. Сондықтан да, әрқашан, ата-аналарыңызды қуантыңыздар. Зерделі де зерек, білімді де білікті болыңыздар! Бүгінде жасампаз істердің барлығы сіздердің жарқын болашақтарыңыз үшін жасалуда. Келер жылда ұшқыр арман-қиялдарыңыз бен ақ тілек-ниеттеріңіз орындалсын, - деп мерекелік лебізін білдіріп, 80 мың қаржылай сертификат пен сыйлықтар табыстады.
Безендірілген жасыл шыршаның жанына топтасқан балалар Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып, балалар аудан әкімімен бірге жаңажылдық шыршаны айналып би биледі.
Сондай-ақ мерекелік шарада балалар үшін қойылымдар және Аяз ата мен Ақшақардың қатысуымен қызықты бағдарлама мен ертегі ұйымдастырылды. Аяз ата, Ақшақармен бірге суретке түсіп, шат-шадыман болып қуанышқа бөленді.
Жұлдыз Асқар
zhaikpress.kz