Бүгін Казталов ауданында С.Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығында «Ғибратты ғұмыр» жобасының кезекті шығарылымы оздырылды. Тағылымдық-танымдық жобада қонақта Бегалиевтер отбасы қонақ болды.

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында қолға алынған жобаның кейінгі ұрпаққа берер тәлімі мен ғибраты мол. Бұл жобаның төрінен бүгін Бегалиевтер отбасы орын алып, кеш олардың шығармашылығына арналды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында да өзіндік өнерімен танылған отбасылық ансамбль еліміз егемендік алған сәттен бастап, күні бүгінге дейінгі шежіресін, ауылдың тыныс-тіршілігін, сахнадағы өнер жөніндк басқосуда әсерлі әңгімелерімен баяндап берді.
Қошанкөлдің мәдениет үйінің Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жабылмай қалуына да осы ансамбль ұйытқы болған. Бұл да бір тарих.

Қазіргі таңда отбасы мүшелері облысымызда, қала берді еліміздің әр түрлі қалаларында абыройлы қызмет атқарып, ауданымыздың атын паш етіп жүр. 2016 жылы отбасы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңінен бас жүлдені қанжығаға байлап, республика төрінде өнер көрсетті. Бүгінгі кеш барысында ансамбльдің басты себепкерлері Марат Қалиұлы мен Нұржамал Сүмембайқызы жанды дауыста ән шырқап, ансамбль тарихымен және жеткен жетістіктермен таныстырды. Сонымен қатар ата мен әже, әке мен ана ізін қуған бүлдіршіндер де сахнада ән шырқап, көпшілікті өнерімен тәнті етті.
Өнерге әркімнің-ақ бар таласы. Әйтсе де қазіргі уақытта өнердің бағасын төмендетіп алған жандар да бар. Оларға Бегалиевтер отбасының өмірі мен шығармашылық жолы үлгі болар сірә.
Бекарыс Әбіш,
Казталов ауданы