13.03.2021, 18:28
Оқылды: 60

Казталов ауданында Іскер әйелдер кеңесінің жалпы отырысы өтті

12 наурыз күні Казталов ауданында «Атамекен» ҰКП жанынан құрылған аудандық Іскер әйелдер кеңесінің жалпы отырысы өткізілді. Кәсіпкерлік саласы және қоғамдық ұйым өкілдері бас қосқан жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева, Казталов ауылдық округі әкімінің орынбасары Батырхан Байғонақов, «Атамекен» ҰКП Казталов аудандық филиалының директоры Аманжол Нығметов, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының және аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.

IMG-20210313-WA0014

Шағын құрамдағы жиында аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамила Сұпығалиева аталмыш ұйымның 2021 жылға арналған жұмыс жоспарымен таныстырды. Биылғы жылғы жоспарға енгізілген жұмыстардан бөлек «Партадан айлыққа дейін», «Кәсіпті нөлден бастау» сынды пилоттық жобалары да қызу талқыға түсіп, тиісті жұмыстар атқарылатындығы айтылды. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айша Әбішева осы және бұдан өзге де талқыланған жобаларға мемлекеттік бағдарламалар арқылы қол жеткізуге болатындығын ескере отырып, кеңес жұмысын жетілдіру керектігін атап өтті.

- Бұл жұмыс тек бүгінгі жиынмен ғана шектеліп қалмау керек. Маңызы бар жобаларды аудан көлемінде жүзеге асыру үшін, ауқымы кең жиындар арқылы шешу жолдарын да қарастырғанымыз жөн. Сонымен қатар кеңес жұмысы мен жоспарларын ауданымыздың барлық ауылдық округтерінде кеңінен насихаттап, жүйелі жұмыстар атқарып белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қажет, - деді бөлім басшысы.

IMG-20210313-WA0013

Жоспарланған жұмыстарды талқылау барысында көпбалалы аналар мен іскер әйелдердің кәсіп бастауына жол көрсету және білімін арттыру мақсатында кооператив құру мәселесі де көтерілді. Кеңес өкілдерінің сөзіне сенсек, бұл бастама нәзік жандылардың кәсіппен шұғылдануына тың серпіліс бермек.

- Бүгін талқыланған жұмыс жоспары кеңес жұмысын жандандыра отырып, қолға алынған пилоттық жобалардың маңызын ескеріп, ауданымыздың әлеуметтік және экономикалық дамуына өз септігін тигізері анық. Іскер әйелдер кеңесінің мүшелері мен кеңес алушыларға мемлекет тарапынан да қолдау бар екендігі жасырын емес. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы ауданымыздың әлеуетінің артуына өз үлесімізді қосамыз. Талқыға салынған пилоттық жобалар күтілген нәтижеге қол жеткізер болса, кеңестің ғұмырлық жобасы болып қалуы әбден мүмкін. Сонымен қатар өз жұмыстармызды түсіндіру және насихаттау барысында кәсіп ашамын деген әйелдер қауымы мен жастарға кәсіп ашуға бастамашы болып отырамыз, - деді аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Рамила Сұпығалиева.

IMG-20210313-WA0012

Іскер әйелдер кеңесінің жұмыстарының оң нәтиже беретіндігіне қоғамдық ұйым және жергілікті атқарушы билік өкілдері сенім білдіре отырып, қолдау көрсететіндіктерін жеткізді. Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілген жиын нәтижесінде қатысушылардың келісімімен жұмыс жоспары бекітілді.

Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале